Экономика

Ауылдарымыз ажарланып келеді

Ауылдарымыз ажарланып келеді

Ауылдық округ әкімдеріне жүктелер міндеттер ауқымды-ақ. Өйткені, олар халықтың қалың ортасында елмен қоян-қолтық жұмыс жүргізеді. Елбасының саясатын жүзеге асырудан бастап округ аумағындағы барлық шаруаға әкім жауапты. Яғни, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруы, тіпті, көшеде шашылып жатқан күл-қоқыс, бұзақылардың тезге салынуы, ұрланған мал үшін де жауап алдымен әкімнен сұралады. Мен соңғы алты жылдан бері әкімдік қызмет атқаратын ауылдық округ үш елді мекен – Ноғайбай, Шарбақты және Сарыбастау ауылдарынан тұрады. Округтегі халық саны екі жарым мыңға жуық. Мұнда қазақтармен қатар орыстар, украиндар, немістер, балкарлар, шешендер, қырғыздар және басқа да ұлт өкілдері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара өзара татулықпен өмір сүріп, еңбек етуде. Біздің басты байлығымыз да осы ұлтаралық достық пен ынтымағымыз болып табылады. 77 шаруа қожалығына біріккен округ тұрғындарының тіршілік көзі негізінен егіншілік пен мал шаруашылығы. Үш жарым мыңнан аса ірі қара, екі мыңдай жылқы, елу екі мың қой-ешкі, сондай-ақ, үй құстарын өсіреді. 42 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің 8 мың гектардан астамы – егістік. Онда өткен жылы 1222 гектар бидайдың әр гектарынан 24 центнерден, 1293 гектар арпадан 23 центнерден өнім алынды. Диқандар жаңа жылдың өнімі үшін жер дайындап, күздік себумен дер кезінде айналысты. Алматы, Тараз қалаларында және аудан ішінде өткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне белсене қатысты. Округте «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен жеке кәсібін ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырғандар бар. Мәселен, олардың бір дәмхана, оннан аса сауда нүктелері болса, Серік Оразаев мал өсірумен, Жәнібек Жетібаев автокөлік жөндеумен, Жандос Уәлиев жиһаз жасаумен табысты айналысып келеді. Былтыр тағы үш адам мемлекеттен үш-алты миллион теңге аралығында несие алды. Бұл қаржыға «Нұржанар» шаруа қожалығының басшысы Қуат Азаматов қой өсірумен, Айгүл Қашағанова шағын сүт фермасын ашып, Ботагөз Молдабекова ірі қара бордақылаумен айналысуда. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жұмыссыздар есебінен 14 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. «Өрлеу» қанат қақты жобасы бойынша 11 отбасынан 56 адамға 1341 мың теңге төленді. Жыл өткен сайын ауыл көшелері көркейіп, жарықтандырылып, жаңадан әлеуметтік нысандар салынып, жолдары жөнделіп жатыр. Бұған ауылдық әкімдіктің дербес шотындағы қаражатты пайдаланудың да тиімді ықпалы болғанын атап айту керек. Әкімдік жанынан құрылған қоғамдық кеңес қолма-бақылау шотына жиналған бұл қаржының әр тиыны есеппен жұмсалуын қадағалайды. Мұса Райымбеков жетекшілік етіп он бір адамнан тұратын қоғамдық кеңестің ұйғарымымен өткен жылы ауылдық әкімдіктің дербес шотындағы 4 миллион 244 мың теңге қаражат кезек күттірмейтін мақсаттарға бөлінді. Мәселен, 789 мың теңге көшелерді жарықтандыруға, 125 мың теңге құрал-саймандар, әк, бояу сатып алуға, 800 мың теңге күл-қоқыстарды шығарып, орнын тазалап отыруға, 590 мың теңге мерекелік іс-шараларды өткізуге жұмсалды. Сөйтіп, бұрынғыдай жоғарыдан қаржы бөлінуін күтіп отырмай, ауылішілік шараларды қаржыландыру аясы кеңейді. Өткен жылы Ноғайбай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Он бір қызметкер еңбек ететін амбулаторияда жыл ішінде екі жүзден аса ересек адам, жүз бала емделді. Былтыр 42 нәресте дүниеге келді. Орталықта Ноғайбай ауыл шаруашылығы колледжі, Рза Қунақова атындағы үш қабатты орта мектеп, Шарбақтыда негізгі мектеп бар. Шарбақты ауылы бас-аяғы жиырма шақырымдай болатын бір көшеден тұратындықтан, балаларды мектепке тасымалдауға арнайы автобус бөлінген. Сарыбастаулық оқушылар үшін де арнайы көлік бар. Шешімін таппай отырған проблемалар да жоқ емес. Соңғы жылдары ауылымызды газдандыру қолға алынғанымен, жұмыс орта жолда тоқтап қалды. Мердігерлер уәдесінде тұрмады. 2015 жылы орталық усадьбадағы 115 отбасы әрқайсысы 250 мың теңгеден, барлығы 23 миллион теңге жинап «Қордай ГазИнвест» ЖШС-на жинап бергенімен сол жылға уәде етілген газ екі жыл өтсе де ауылға әлі берілген жоқ. Енді тұрғындардың газ таратушыларға сенімі азайып, өткізген ақшасын қайтарып алу үшін сотқа арыздануда. Сондай-ақ, өткен ғасырдың елуінші жылдары саман кірпіштен салынған клуб апатты жағдайға келіп, есігіне құлып ілінгелі алты жылдан асып барады. Жаңа мәдениет ошағын салу күн тәртібіндегі өткір мәселелердің қатарында.

Ермұқан Жапарбеков, Ноғайбай ауылдық округінің әкімі.

Қордай ауданы.