Атқарылған жұмыстар аз емес, алда қыруар істер күтіп тұр
Атқарылған жұмыстар аз емес, алда қыруар істер күтіп тұр
Облыстық ішкі саясат басқармасының «2016 жылы атқарған жұмыстары және 2017 жылға міндеттері туралы» кеңейтілген есеп беру жиналысына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, жиында басқарма басшысы Рахия Тұрмаханбетова атқарылған жұмыстарды баяндады. – Өткен 2016 жыл еліміз үшін ерекше мерейлі меже болды. Халық болып қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өттік, – деген Рахия Сейітбекқызы облыстың ішкі саясатын қалыптастыру мен жүргізу барысында атқарылған ауқымды шараларға тоқталып өтті. Сондай-ақ, алда атқарылар міндеттер мен жоспарларға шолу жасады. – Жыл ішінде облыстың 377 елді мекенінде 4067 іс-шара өткізіліп, 612 мыңнан астам адам қамтылды. Оның ішінде, 748 қоғамдық-саяси, 255 әлеуметтік-экономикалық, 608 ғылыми-ағартушылық, 1061 мәдени, 765 спорттық, 630 ақпараттық-имидждік шара ұйымдастырылды. Жалпы, басқарманың жылдық жоспарында белгіленген 106 тармақ түгелімен орындалып, соған сәйкес 6 ғылыми-тәжірибелік конференция, 18 семинар, 12 «дөңгелек үстел» отырысы, 2 ақпараттық пойыз, 2 ақпаратттық автопойыз, автокеруен, 7 акция, 13 кездесу ұйымдастырылды. Бүгінде облыс аумағында ресми тіркелген 49 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Оның 46-сы мерзімді баспа құралы болса, 2-уі телеарна, біреуі ақпарат агенттігі. Сондай-ақ, 4 кабельдік телевизияның операторлары жұмыс жасайды. Әр оператордың 3000-нан 11000-ға жуық абоненті бар. Есепті жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге облыстық бюджеттен 566,9 миллион теңге бөлінді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 10,6 миллион теңгеге артық. Есепті жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс 32 БАҚ арқылы іске асырылды, – деген ішкі саясат басқармасының басшысы осы саладағы нәтижелі жұмыстармен қатар, кемшіліктерді де атап өтті. «Әкімдіктер ресми сайттардың контентін мерзімінде толықтырып, статистикалық мәліметтерді жаңартып отыруға әлі де жете көңіл бөлмеуде. Мәселен, жыл басынан бері Меркі, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында орналастырылған ақпараттар аз болды. Мойынқұм ауданының жаңалықтарын таңдасаңыз басқа сайттың сілтемесіне ауысып кетеді. Ал Тараз қалалық әкімдігінің сайты қазіргі уақытта қаржыландырылмағандықтан, уақытша өшірулі. Талдау көрсеткендей, Талас, Сарысу, Шу, Байзақ, Қордай және Мойынқұм ауданы әкімдерінің жеке блог-тұғырнамасына келген сұрақтар аз, Меркі ауданы әкімінің блогына жыл бойына бірде-бір сұрақ түспеген. Бұл – әкімдіктердің аудан тұрғындарымен кері байланыстың, олардың жергілікті билік органдарына сенімінің төмендігін көрсетеді. Біздің тараптан ай сайын мониторинг жасалып, басқармалар мен аудандарға жіберілгенімен, кемшіліктер қайталануда. Сондықтан, бұл жұмысқа жауапты мамандардың жауапкершілігін арттыру қажет». Рахия Сейітбекқызы жасалған жұмыстармен қатар, іске аспай жатқан жобаларды да баяндап өтті. Келесі кезекте жарыссөзге жазылған Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейбіт Жаманкөзов пен «Қазақстан» РТРК облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген ішкі саясат басқармасы жұмысының маңыздылығына тоқталып, баяндамаға қанағаттанарлық деген бағасын берді. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов салада атқарылып жатқан толайым тірліктерді тілге тиек етіп, алда атқарылар жұмыстарды да осылайша тиянақты атқаруды тапсырып, атқарылған жұмыстарға жақсы бағасын берді.
Маржан РАҚАЙ,
"Ақ жол".