Экономика

Мақсары ек, аузыңды май етеді

Мақсары ек, аузыңды май етеді

Майлы дақылдар облысымызда былтыр барлығы 76460 гектар алқапта өсірілген. Оның әр гектарынан орташа түсім 6,8 центнерден айналыпты. Барлығы 52 369 тонна өнім жиналып алынды. 2012 жылы ол облыс бойынша 20 мың гектарға орналастырылған болса, енді оның көлемі бар-жоғы бес жыл ішінде 60 мың гектарға артып отыр.

Мақсарыдан ең алдымен асқатық майы алынады. Агрономдар мақсары майының сапасын күнбағыс майынан еш кем емес деп жүр. Ал бағасына келетін болсақ, анау айтқандай қымбат емес. Тіпті, мақта майынан арзандау. Бізде негізінен оны көптеп егетін Жуалы, Шу аудандарында «Агропродхлебснаб», «Kaz-Ir-Agro» ЖШС-тарының өңдеу цехтары да бар. Екеуі де облысымызда соңғы жылдары жаңадан іске қосылған. Бұдан басқа май сығуға арналған кішігірім отбасылық цехтар жұмыс істейді. Мақсарының өңдеуден қалған қалдық-сығындысы «жмық» аталады. Таптырмас мал азығы ретінде пайдаланылады. Шаруалар кебекті осы жмықпен араластырып малына беруді әбден үйреніп алған. Жмығыңыз бұл күнде үлкен сұранысқа ие жем түріне айналды. Жуалыдағы өңдеуші кәсіпорын толық қуатында іске қосылып тұр десе де болады. Айтарлықтай көлемде болмаса да өзін жеткілікті деңгейде шикізатпен қамтамасыз ететін жеке егістігі де бар. Серіктестікке қарасты үш бірдей шаруашылықтың күшімен 1000 гектар алқапта мақсары өсіріледі. Жуалының бір өзінде бұл дақыл егістігінің көлемі 20 мың гектардың үстінде. Мұнда өнімді өткеруде, қабылдауда ешқандай іркіліс жоқ. Былтыр мақсары өнімінің әр килосын сатып алу бағасы 60-70 теңге көлемінде болды. Қазіргі таңда бағасы 100 теңгеге дейін көтерілді. Өңделгеннен кейінгі бағасы да пайда түсірерлік деңгейде белгіленетіні анық. Қысқасы, уақыттың өзі мақсары еккен шаруаның ұтпаса, ұтылмайтынын көрсетіп отыр.

Шикізатының өзі облысымыздан тыс өңірлерге, тіпті Қытайға дейін өткеріліп, шаруашылықтардың шаруасы шалқи түсті. Дейтұрғанмен, оны өңдеп, ұқсату цехтары әлі де аз. Қолда барының өзі жергілікті жерде өндірілген мақсарының көл-көсір өнімінің «тақиясына тар соғуда». Тауар өндірушілер алған өнімдерінің басым бөлігін экспорттауға мәжбүр. Оны Оңтүстік Қазақстан облысынан келіп, көтере сатып алып кететін алымсақтар да көп-ақ. Әзірге қаны жерге тамбай тұр бұл өнімнің. Тек... өзімізде өңделіп, өндіріске ұсынылса көп қаржының қалтамызда қалар еді деген өкініш қана болмаса. Әзірге Қытай мен өзге облыстардағы кәсіпкерлер өзімізден шикізатын алған сапалы майды дайын өнім түрінде өзімізге қайта әкеліп сатып, «өз бидайымызды өзімізге қуырып» беріп жатыр. Мақсарының орташа өнімі 6-7 центнер аралығында. Гектар қайтарымы жақсылап күтіп, баптап қараса – 10, ал суармалы алқаптарда өсірсе, озық технологияларды тиімді пайдалану жағдайында 20 центнерден айналары анық. Мұны тәжірибе жүзінде дәлелдеген шаруашылықтар да жоқ емес облысымызда. «Агропродхлебснабқа» қарасты Қызылжұлдыз агроқұрылымының жетістігі бұл сөзімізге толық айғақ бола алады. Биыл мұнда жоғарыда айтылған көлемде өнім жиналды. – Бұл дақыл өңірімізде, негізінен тәлімі жерде бұрыннан өсіріліп келеді. Әулиеата өңіріне әбден жерсінген десе де болады. Оған минералды тыңайтқыштардың өзін аса көп қолданудың қажеті шамалы. Одан айрықша сапалы май алынады, менің пайымдауымша, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов. – Мысалы, шитті мақтаның әбден пісіп жетілуі үшін көптеген химиялық препараттар, гербицидтің не түрін қолданады. Ал мақсарыға олар мүлде қолданылмайды. Содан да өнімі экологиялық жағынан өте таза. Жалпы, майлы дақылдар өңірімізде күтілген деңгейде егіліп өсірілуде. 2015 жылы мұндай дақылдар 90, 1 мың гектарға орналастырылған еді. Былтыр жыл басында субсидия берілмейді деген сөз шығып, аталған дақылдар түрін егіп өсірушілер қатары едәуір селдірей түскен. Енді биыл 87 700 гектарға орналастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, күнбағыс – 1734, соя – 500, мақсары – 83470 гектар алқапқа егілмек. Мақсары негізінен Жуалы, Т. Рысқұлов, Шу, Меркі аудандарында көптеу егіліп өсіріледі. Әрқайсысында шамамен 10 мың гектардың үстінде мақсары егістігі бар. Өкінішке қарай, өңірімізде оның өнімін өңдеп, ұқсататын кәсіпорындар тапшы соғуда. Мамандар егіншілік саласындағы басты мәселенің бірі осы болып тұрғанын айтады. Ал майлы дақылдар егістігі көлемі ұлғайтылуының субсидиялауға да әбден қатысы бар. Былтыр субсидия гектарына 2000 теңгеден төленіпті. Ал биыл субсидия мәселесі қайта қаралу үстінде. Ендігі жерде қандай да бір шаруа қожалығы иелігіндегі 10 гектар мақсары алқабының әр гектарынан 10 центнерден өнім алып, 10 тонна өнімін өңдеуші кәсіпорындарға толайым өткеретін болса, оның әрбір тоннасына 6400 теңгеден Үкімет тарапынан субсидия төленетін болады. Топырақ талғамайтын мақсарыдан май алынған соң қалдығы да кәдеге жаратылады. Мәселен, мақсары қалдықтарынан Иранда халуа дайындалса, түріктер түрлі сабын алады, ал, кез-келген нәрсені кәдеге жаратып жіберетін қытайлар бұл дақылдан нешеме дәрі-дәрмек өндіріп келеді. Өзімізде мақсарыдан әзірге ешқандай қосымша өнім өндіріліп жатпаса да, шаруалар мал азығы ретінде пайдалануда. Одан қалса, оны жұрт ауыл шаруашылығы мақсатында тыңайтқыш және отын ретінде де қолданып жүр. Осылайша мақсары майлы дақылдар ішінен пайдасының көл-көсірлігімен ерекшеленеді. Жалпы, мақсары әлемнің көптеген елдерінде мүлде өспейді десе де болады. Сондықтан да мақсары майы АҚШ пен Жапония секілді дамыған елдерде де жоғары бағаланады. Былайша айтқанда, құны біздегіден он есе қымбат. Оны тек тағамға пайдалану үшін емес, массаж жасауға, шаш, тері күтіміне де пайдаланады. Ал Қазақстанда, онда да оңтүстік өңірлерде бұл дақыл молынан жеткілікті. Оны баптап, өсіру де аса қиын емес. Ал осынау дақылдың «отанына» айналуы тиіс Талас ауданында егістік жер аз, бар-жоғы 10 мың гектардай ғана. Сарысуда да майлы дақылдар аздап болса да егіліп өсірілуде. Тәлімі жерде өсетін, суды аса қажет етпейтін осынау өсімдік түрі құмдауыт, жартылай шөлейтті осы екі аудан жерінде де өсірілуге сұранып-ақ тұр емес пе?! Алайда несие алып, осы іспен айналысуға ынта танытушылар жоқтың қасындай. Мақсары, еккеннің аузын май ететін-ақ дақыл. Оны жоғарыда айттық. Аталған екі ауданда бұрын арпа, изен, жүгері егіліп өсірілген, бүгінде тусырап, тың жатқан ой-қырқаларына мақсарыны «жерсіндіру» ісін тәжірибе жүзінде сынап көрсе, қалай болады? Ағын суы тұрақты берілуі күмәнділеу өңірлер шаруаларының бау-бақша дақылдарын егіп өсіремін деп аузы талай күйген. Ал мына шаруаға бет бұрар болса, құдық қазып, тамшылатып, жаңбырлатып суару технологияларын орнатуға жұмсалынар қыруар қаржысы қалтасында қалады. Әрі дақыл өсіруді әртараптандыру ішкі нарықтың сұранысын да өтейтін болады. Жалпы, облысымыздағы барлық егістік жер көлемі 761 мың гектардай болады. Оның 592, 3 мың гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, 133 мың гектары парға қалдырылған. Ал игерілмеген жердің аумағы облысымызда шамамен 34 мың гектарды құрайды екен. Мұндай жердің біразы негізінен Шу ауданы аумағында кездесуде. Олар – сор басқан жерлер. Мұны егістік айналымынан алу керек. Оған мемлекет тарапынан, болмаса, аудандық бюджеттен аздаған қаражат қажет. Басқа санатқа ауыстырылар болса, аталған аудан меншігіндегі игерілмеген жер көлемінің көрсеткіші едәуір төмендемек дегенді де айтады сала мамандары. Мақсары қазақстандық брендке де айналып үлгерді. Былайша айтқанда, табиғатымызға, топырағымызға етене жақын, берекемізді тасытатын-ақ дақыл.

Баймаханбет Ахмет, «Ақ жол».