Әдебиет

Қарттың монологы

Қарттың монологы

Арманым алдымда еді, Алыста қалды жандырған лебі. Шаршаған шақта аунатып алар, Шақырар емес шалғын да мені.

Сезімнің мүлде сөнгені ме еді, Көңілден көшті көмбенің көбі. Орайтын шағы жетті ме әлде, Жердің де мына жөргегі мені.

Үмітім неге алдайды мені, Қартайған шақта жан қайғы ма еді. Сағатын соңғы санасын дей ме, Санамды неге сарнайды жегі.

Еритін емес сенімнің жолы, Толатын емес көңілдің көлі. Өксиді жаным өтеуін таппай Өкініш білем өмірдің соңы.

8Әзімбек Жанқұлиев.