Білім

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында, Қазақстан жан-жақты дамып келе жатқан қуатты мемлекетке айналды. Бейбітшіл, қонақжай, ешкімді бөліп жармайтын еліміз қазір әлемнің барлық халқымен қарым-қатынас жасайды. Жастарымыз шет мемлекеттердің озық университеттерінде білім алып, мамандық иесі атанып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Елбасымыз жастарымыздың білімді, білікті маман иесі болуларына барлық мүмкіндікті туғызып отыр. Қазір көп тіл меңгерген болсаң бірлескен кәсіпорындарда, компания, фирмаларда қызмет етуіңе мүмкіндік мол. Бүгінде әлемнің дамыған және дамушы мемлекеттері өз жастарына көп тілді, әсіресе, халықаралық тілдерді үйренуге үндеп келеді. Сондықтан еліміздің қарыштап дамуы үшін біздің жастарымыз да көп тілде сөйлеп, хат-хабар алысулары қажет. Бұл – заман талабынан туындап отыр. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Сол үшін де қазақ тілі, орыс тілімен қатар дүниежүзінде қолданылатын ғылым, технология тілі ағылшын тілін терең меңгеру еш артықтық етпейді. Елбасымыз көрегенділік танытып, қазір үш тұғырлы тіл саясатын ұстанып, бастауыш сыныптардан бастап ағылшын тілін меңгеру керектігін міндеттеуде. Өте қажетті дұрыс шешім. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шет елдерде білімін дамытып, тәжірибесін молайтуда. Болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген елімен еркін байланысқа түсіп жатса, оның пайдасы орасан. Қазір елімізде шет мемлекеттердің компаниялары жұмыс істеуде, бірлескен кәсіпорындар құрылуда, болашақта олар көбейеді, ал осы компанияларда еліміздің білімді, білікті мамандары қызмет атқарғаны дұрыс. Ол үшін біздің жастар ағылшын тілін меңгеріп, жоғары білім алып, өз мамандығының білгірі болуы керек. Мен өзім сабақ беретін қаладағы №47 мектеп оқушыларының ағылшын тілі пәніне деген қызығушылықтары өте жоғары. Ағылшын тілін терең меңгергісі келетін мектеп оқушылары мектеп бағдарламасынан тыс қосымша арнайы курстарға барып, білімдерін жетілдіруде. Бұл оқушыларымыздың алдарына мақсат қойып, болашақта жоғары білім алып, әлемдік бәсекелестікте еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіміздің үлесімізді қоссақ деген талпыныстары десек артық айтпаймыз. Мектеп басшылығы оқушылардың жан-жақты білім алуларына барлық жағдай жасап келеді. Біз де өз тарапымыздан талапты оқушыларға білгенімізді үйретуден жалықпаймыз.

Бану Мейірбекова, №47 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Тараз қаласы.