Алматы тұрғыны жолсызбен жүретін көлік құрастырып алды
Алматы тұрғыны жолсызбен жүретін көлік құрастырып алды
Алматылық Максим Давыдов командасымен бірге өзінің жертөлесінде жолсызбен жүретін көлік құрастырды.
Құрастырушылар өз туындысын "Ящер" (кесіртке) деп атапты. "Кемеге қандай ат қойсаң, солай жүзеді" деп жатады. Біздің көлік қармен, лаймен және түз далада жүруге арналған. Біздің компания мұнайгаз құбырларын қадағалаумен айналысады, ал мұндайда неше түрлісі болады, мұнай да төгілуі мүмкін. Осындай жағдайларда әдеттегі көліктің өтуі қиын жерлерге де аттану керек болады. Бұл үшін арнайы техника қажет. Біз түрлі техника қарап көрдік, бірақ тым қымбат болды. Ал біздің көлік 5,5 миллион теңгеге түсті", - дейді Давыдов.
"Ящерді" құрастырған кезде қосалқы саймандар ретінде ресейлік көлік құрастырушылардың өнімдері пайдаланылған. Құрастырушылардың сөзінше, істен шыққан жағдайда оларды табу оңай болады. Көлік қозғалтқышының көлемі 1,5 литр.
Бұл көлікті жасауға тоғыз ай кеткен. "Ең басында бұл жобамен төрт адам айналысқан. Әрине, күмән болды, бірақ істің нәтижесі көріне бастағанда сенімділік пайда болды. Қаңқасын жертөледе жинап, сол жерде бекіттік. Негізгі бөлшектерін далада, шатыр астында жинастырдық", - дейді алматылық.
Құрастырушылар туындылары ойдағыдан артық болып шыққанын айтады. "Біздің қазір құрағанымыз, ойымыздағы көліктен артық болып шықты. Әрине, кемшіліктер бар. Мәселен, қиғашынан орналасу керек болған қозғалтқыштың ұзыннан жатуы, беріліс қорабы жетілдірілмеді. Бірақ жалпылай іс бітті деген ойдамын", - дейді Давыдов.
Давыдовтың сөзінше, елімізде "Ящердің" баласы жоқ. Қазір құрастырушылар жол өтімі "Ящерден" артық болатын екінші көлік жасауға кіріспек.
ақпарат көзі: tengrinews.kz