Экономика

Өндіріс өнімді, тұрғындар көңілді

Өндіріс өнімді, тұрғындар көңілді

 Парламент Мәжілісінің депутаттары Фахриддин Қаратаев пен Шавкат Өтемісов Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылына арнайы барып, тәулігіне 30 тонна макарон, жайма, кеспе секілді ұн өнімдерін шығаратын «ROLA-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты. Бүгінде 150 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік директоры Тұрсынбек Нұрбаев іссапармен Қытайға кетіпті. Кәсіпорынның жұмысын ұлы Ұлан Нұрбаев жақсы біледі екен. Серіктестіктің қазіргі ахуалын толық айтып берді.

Оның айтуынша, екі ауысымда күндіз-түні жұмыс істейтін өндіріс орнындағы жұмысшылардың 80 пайызы жергілікті тұрғындар екен. Серіктестік «Бизнесті дамытудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2014 жылы 165 миллион теңге несиеге қол жеткізген. Бүгінде Қытай елінен тартылған 500 мың доллор инвестицияға жаңа құрылғы орнатып, соның арқасында өнімдерін Ресей, Түркмения, Ауғанстан секілді шет мемлекеттерге өткеруге мүмкіндік алыпты. Алдағы уақытта Қытайға тауар экспорттауды жоспарлап отырған көрінеді. Мәжіліс депутаттары Сарыкемер ауылының оңтүстік-батысындағы 34 гектар тұрғын алқабына бұрылып, инженерлік-коммуникациялық желі тарту жұмыстары қанша пайызға орындалғанын көрді. Бұл жұмыстарға «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде қаржы бөлінген болатын. Қазір алқапқа электр жарығы тартылып, көшелерге қиыршық тастар төселді. Жалпы, жұмсалған қаражат жарықтандыруға – 85 миллион, тас төсеуге – 95 миллион теңге. Осындай игі істер үшін алқап тұрғындары депутаттар мен облыс және аудан басшыларына алғыс білдірді. Халық қалаулылары осы ауылдағы «Еңлік» жекеменшік балабақшасына да барды. Мектепке дейінгі мекемеде 75 бүлдіршіннің тәрбиесіне жауапты 6 тәрбиеші мен 9 педагог жұмыс істейді екен. Байзақ аудандық мәслихаттың депутаты Алтынбек Жәмішанов бұл мекемені жекеменшік әріптестік негізінде ашқан. Бүгінде тұрғындар сұранысын өтеп отырған балабақшаның кезекті азайтуға тигізген септігі көп. Сондай-ақ, депутаттар аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысып, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы салынып, пайдалануға берілген Түймекент орта мектебі мен «Бизнесті дамытудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 180 миллион теңгеге несие алып, Ақшолақ стансасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан «Тау Дос» сервистік кешенін салған «Тау Дос» жеке шаруашылық серіктестігіне де ат басын бұрды. «Тау Дос» ЖШС директоры Гаухар Тұралиева халықаралық дәліз бойынан елімізде алғаш ашылған сервистік кешен іске қосылғалы бері Британия, Германия, Латвия, Литва, Белоруссия, Ресей секілді дамыған елдерден келген жолаушыларға қызмет көрсетілгенін айтты.

Нұрым сырғабаев, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.