Саясат

«Нұрлы жол» бағдарламасымен алға

«Нұрлы жол» бағдарламасымен алға

Өңірлерге арнайы жұмыс сапарымен шыққан Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлаушылармен жүздесіп, аймақтардың жай-күйімен танысуда. Ауданымызға келген халық қалаулылары «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясының мүшелері Фахриддин Қаратаев, Шавкат Өтемісов, Кеңес Әбсәтіров алдымен аудан әкімдігінде жиын өткізді. Кездесуде депутаттар жұртшылыққа «Нұрлы жол» бағдарламасының мәнін түсіндіріп, Парламентте есепті кезеңде қанша жоба қаралып, қандай шешімдер қабылданғанын қозғады. Жуалылықтардың да Мәжіліс депутаттарына айтар ұсыныс-тілегі көп екен. Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай Парламент қарауында жатқан Ардагерлер туралы заңның қашан қабылданатынын сұрады. Ал аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ауыл тұрғындарының тілегін жеткізді. Иә, рас несібесін еңбектен тапқан, шаруа баққан жандарға керегі тегіс жол, таза ауызсу мен табиғи газ екені белгілі. Тұрмыс жағдайы түзу болса, жұмысқа деген ынтасы да жоғалмайды. Жиында Б.Момышұлы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Темірхан Қалиев «Зейнетақы жинақ қорынан аса қажет жағдайда ақша алуға бола ма?» деген сұрақ қойды. Аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұстафа Пешенов ұсақ шаруа қожалықтардың несие ала алмай отырғанын айтып, мәселе көтерді. Депутаттар сұрақтарға жан-жақты түсінік бере отырып, жауап берді. Бұдан кейін олар Б.Момышұлы ауылындағы «Мешелова З.Е» сүт өңдеу кіші зауытына барды. Өндіріс орнының басшысы Орынбасар Мешелов депутаттарды зауыт жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, тәулігіне 40-45 тонна сүт өңдеуге қауқарлы болғанымен, дәл қазір 4 тонна сүт қабылдап отыр екен. Дегенмен, өнімді өткеру ісі алға басып тұр. Бүгінде өндірілген өнім Астана қаласында саудаланып жатқан көрінеді. Зауыт директоры сүт өнімдерін өңдеушілерге субсидия беру мәселесін көтерді. Мәжіліс депутаттары «Зылиха» шаруа қожалығының да қолға алған жұмыстарымен танысты. Шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев облыста картоп бағасын тұрақтандыруға үлес қосып отырғанын айтып, сыйымдылығы 650 тонналық көкөніс қоймасын көрсетті. Сөз арасында шаруашылық басшысы картопқа да субсидия берілсе деген өтінішін жеткізді. Бұдан кейін Парламент депутаттары «Бурное солар-1» күн электр стансасына, «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де ат басын бұрып, мұнда да ауыл тұрғындарымен жүздесіп, олармен еркін пікір алмасты.

Марат Құлибаев, журналист.

Жуалы ауданы.