"Көше спорты" Таразда тұңғыш рет ұйымдастырылды
"Көше спорты" Таразда тұңғыш рет ұйымдастырылды
Тілдік қорда «көше әндері» тіркесі бұрыннан бар. Енді оның қатарын «көше спорты ойыны» толықтыра түсетін болды. Бұл өзі жастарды жаппай саламатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатымен өмірге келіп, Американың жоқ-жітіктеу, негізінен қара нәсілділер мол шоғырланған аумақтарында пайда болған, күш-қуатпен қатар төзімділікті де қажет ететін, кез-келген адам үшін қолжетімді көшедегі көңіл көтерудің бірі. Онымен кез-келген жерде, қалаған уақытыңда айналыса беруіңе болады әрі айрықша жағдай жасалуын да қажет ете қоймайды. «Street workout» (мағынасы «саламатты өмір салты» дегенді білдіреді) аталуы да содан болса керек. Негізінен бүгінде Ресейде, әсіресе, Украинада айрықша қарқынмен дамуда. Әлемде дербес спорт түрі ретінде де танылған.
Өңірімізде құрылған «Street workout TarGU» ұйымы осы ойын түрінен Таразда тұңғыш рет «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Жастар қанатының «Саламатты ұрпақ» жобасы аясында жарыс өткізді. Оған қала бойынша іріктеу турнирінде жеңімпаз деп танылған 11 спортшы – жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары өзара шеберлік сынасты. Олардың музыка әуені ырғағымен сәйкестендіре турникке тартылып, брусья, швед қабырғасы арқылы жасаған бар денесімен иіліп-жазылу, ұршықша шыр айналу, сальто жасап секіру, қолды жерге тіреп жүру жаттығуларын қызыға тамашалаушылар қарасы да мол болды. Жарыс қорытындысында қазылар алқасы бірінші орынның арнайы кубогын бірауыздан Тараз қаласындағы Циолковский атындағы №7 мектептің 10-сынып оқушысы Әмірхан Зәуірбековке берді. Шымкенттен келген Сергей Шкуратов екінші, Сабыржан Мұхамедханов үшінші орындарды иеленді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».