Спорт және туризм

Алатау баурайындағы ақ аламан алыс емес

Алатау баурайындағы ақ аламан алыс емес

Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға 2000 спортшы қатыспақ

Түрлі деңгейдегі халықаралық додаларды қабылдауға дағдыланған біздің елде 2011 жылы Ақ Азиада өткені мәлім. Жайшылықта жазғы спорттан мысымыз бен десіміз басым деп желпінетін қазақ елі сол ойындарда Қазақстанда қысқы спорт түрлерінің де шарықтап дамып келе жатқанына көзі жеткен-ді. Айталық, Алматы мен Астана секілді еліміздің бас қалаларында өткен құрлықтық додада біздің спортшылар Азия алыптарының (Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея) рекордының мұртын бұзып, 32 алтынмен жалпыкомандалық есепте шашасына шаң жұқтырмаған болатын. Оған дейін Күншығыс елі саналатын Жапония 1986 жылы Саппорода өткен Ақ Азиадада 29 алтынды қоржындарына салып, енді ол рекордқа ешкім түзету енгізе алмастай көрінген. Жоқ, олай емес екен. Рекордтар жаңарады. Жапония жеткен жетістікті Қазақстан жаңалағанда мерейіміз тасығаны есімізде ғой. Енді 130 миллионнан астам халқы бар архипелаг елдің жетістігін ол кезде 17 миллионға жетер-жетпес халқы бар біздің мемлекетіміздің жаңалағаны жаһанға жаңалық екені анық қой. 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындары әсем қала Алматы төрінде өтетіні айқындалған сәтте бұл шараның да еліміздегі қысқы спорт түрлерінің қарқынды дамуына, жаңа спорттық нысандардың бой көтеруіне ықпал ететініне сенген болатынбыз. Жүз миллиардтан астам қаржы жұмсалған қысқы Универсиаданың нысандары толығымен межеленген мерзімнен екі ай бұрын дайын болғаны да қуантты. Енді Алатау баурайында өтетін айтулы аламанға әлемнің елу бестен астам мемлекетінен 2000-ға жуық спортшы қатысып, студенттер дуында 12 спорт түрінен кім мықтыны анықтамақ. Айтулы аламанға әлем елдерінен 30 мыңға жетеқабыл туристер келеді деп күтілуде. Мұның өзі мемлекет тарапынан кеткен шығынның біршама бөлігін жамайтыны анық. Сондай-ақ, төрткіл дүниенің 80 елі байрақты бәсекені тікелей эфир арқылы таратуға ниеттеніп отыр. Алматы төрінде өтетін қысқы Универсиаданың басты нысандарының бірі – «Алматы-Арена» мұз сарайы. Бір мезетте 12 мың көрерменді қабылдайтын алып спорт кешенінде мәнерлеп сырғанауға арналған бас арена, сондай-ақ, 475 орындық керлингке арналған кіші арена бар. Сонымен қатар, жарысқа қатысушыларды «Халық Арена», атлетикалық қалашық, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені сынды әлемдік стандарттарға сай спорттық нысандар қабылдайтын болады. Бүгінгі таңда халықаралық додаларда допинг дауы өршіп тұр. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастыру алқасы FISU медициналық комитетімен бірлесіп, додада бақ сынайтын спортшыларды түбегейлі допинг-бақылаудан өткізуді жоспарлап отыр. Елдің елдігін танытатын ғаламдық деңгейдегі додада ел намысын 227 спортшы қорғайды. Олардың 121-і ерлер сынында топқа түссе, 106 аруымыз да ел қоржынына жүлде салуға ұмтылып көрмек. Қысқы спорт түрлерінің басты жарысы – мәнерлеп сырғанау. Бекзат спорт түрінен ел намысын қорғайтын саңлақтар да белгілі болды. Ел құрамасын мәнерлеп сырғанаушылар сынында қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс және қоласын мойнына ілген, төрт құрлық біріншілігінің чемпионы Денис Тен бастап шығады. Біздің басты үміт артар спортшымыз да осы Денис Тен болмақ. Сондай-ақ, Абзал Рақымғалиев, Артур Панихин ерлер арасында жарыс жолына шықса, қыздар бәсекесінде Айза Иманбек пен Вероника Шевелева додаға түседі. Жалпы, қысқы Универсиада тарихында қазақ спортшылары 2015 жылы Словакия мен Испанияда өткен додада толайым табыстарға қол жеткізгені мәлім. Аталмыш жарыста қазақстандық студенттер шаңғышылар сыны мен биатлоншылар дуында, сондай-ақ, фиристайл сынды спорт түрінен 5 алтын иеленіп, жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінген-ді. Алатау баурайындағы аламанның ресми ашылуынан хабар беретін алау 25 қаңтарда Астанадағы Назарбаев университетінде тұтатылып, барлық қалаларда эстафета ретінде жалғасады. 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетін бүкіләлемдік қысқы Универсиадада қазақ елінің спортшылары жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінуді мақсат етіп отыр. 2015 жылы бұл биіктікті ел спортшылары бағындыра білгенін пайымдасақ, сол табысты қайталауға тағы да мүмкіндік бар екені анық. Ендеше, осыдан алты жыл бұрын Ақ Азиадада медальді күреп алған қазақстандық спортшыларға толайым табыстар тілейміз. Жеңісті күндер көп болсын!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».