Денсаулық

Мәжіліс депутаттары Таразда комбинат жұмысшыларымен кездесті

Мәжіліс депутаттары Таразда комбинат жұмысшыларымен кездесті

Мәжіліс депутаттары Фахриддин Қаратаев пен Мұхтар Ерман аймақтарға сапар кезінде Тараздағы «БиномСтройдеталь» тұрғын үй құрылыс жабдықтарын жасау кәсіпорнында болды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жергілікті жерде жүзеге асуына кәсіпорынның қосып отырған үлесі қомақты. Былтыр Тараз қаласында осы кәсіпорын құрылысшылары 12 мың шаршы метр тұрғын үй салып, ел игілігіне ұсынған.

Комбинат биыл 30 мың шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр. Бұл ретте аудан орталықтарында да көпқабатты тұрғын үйлер салынатын болады.

Халық қалаулыларын мұндағы жұмыс барысымен кәсіпорын директоры Кеңесхан Аралбаев таныстырды. Депутаттар су шаруашылығына қажетті науалар, іргетас блоктар, үй құрылысына қажетті жабдықтарды көзімен көріп, отандық өнімдерге көңілі толды. Халық қалаулысы Фахриддин Әбдінәбиұлы өзімізде шығарылған әр отандық өнім үлкен жетістік екенін айтса, депутат Мұхтар Ерман «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуына тоқталып, құрылыс салуға бөлінген жердің инфрақұрылымы талапқа сай болуы қажеттігіне ерекше тоқталды.

Халық қалаулылары комбинат жұмысшыларымен де ашық жарқын, еркін әңгіме өткізді. Мұнда 125 адам еңбек етсе, олардың орташа жалақылары 85-90 мың теңге көлемінде.

Халық қалаулылары «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орталық ғимаратында да болды. Сондай-ақ, олар Айша бибі кесенесін, Қарой ауылындағы «Нұр әлім» жекеменшік балабақшасын, Полатқосшы ауылындағы «Берсанукаев» ЖШС-нің шұжық цехын аралап, жұмыс барысымен танысып, қарапайым тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерге назар аударды, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының баспасөз қызметі.

Депутат Фахриддин Қаратаев мұндай кездесулерде айтылған әр ұсыныс құнды екенін, әр тұрғынның пікірін Мәжіліс мінберінен шешуге күш салатынын айтты.

ақпарат көзі: Baq.kz