Саясат

Облыс әкімі «Рождество Христово» мерекесімен құттықтады

Облыс әкімі «Рождество Христово» мерекесімен құттықтады

Дінаралық татулық – еліміздегі барша халықтың басты ұстанымы. Православ христиан дінінің өкілдері «Рождество Христово» мерекесін атап өтуде. Бұл шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ортақтасып, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Өңір басшысы діни мерекенің тойлануы облысымыздағы түрлі дін өкілдерінің салт-дәстүр, мәдениетінің дамуының бір көрінісі екенін айтып, өткен жылдың жетістіктеріне, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы жоғары деңгейде тойланғанын атап өтті.

– Қадірлі көпшілік! «Рождество Христово» – христиан дініндегі ең басты мереке. Жақсылыққа сенімді нығайтады. Жүрегімізді мейірімділік, жақсылық, төзімділік секілді жақсы қасиеттермен толтырады. Діндер арасындағы татулық, түсіністік өте маңызды. Мемлекетіміз барлық дін өкілдеріне, әр адамның діни сеніміне құрметпен қарайды. Облыстың барлық тұрғындарын осы мерекемен шын жүрекпен құттықтаймын. Әр отбасына мықты денсаулық, бақыт, береке тілеймін!» – деді Кәрім Нәсбекұлы. Мұнан соң сөз сөйлеген «Успения Божией Матери» орталық шіркеуінің протоиерейі Юрий Власенко өздерінің басты мерекесіне көрсеткен құрметі үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, ардагерлер және саяси ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің және этномәдени орталықтардың жетекшілері қатысты.

Есет досалы, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.