«Асып-таспайтын асыл достарды сағынып қалыппын»
«Асып-таспайтын асыл достарды сағынып қалыппын»
Бүгінде кітап нөпірінің астында қалдық. Қолына қалам ұстағандардың қай-қайсысы да ақысын төлеп, кез-келген баспадан қалыңдығы кереқарыс кітабын бастырып шығара алады. Бәрін бірдей оқи бермейсің ғой. Оқымасаң тағы болмайды. Былтырғы еңбек демалысымда екінің бірінің тісі бата бермейтін «Нақұрыс» деген психологиялық романын оқып, Достоевскиймен бетпе-бет келген едім. Жазушының шеберлігі қайран қалдырды – кітап қаншалықты қалың болғанмен, тұтас бір дәуір оқиғалары иіріміне тартып ала жөнелері бар. Әр алуан кейіпкерлер шынайы болмысымен даралана көрінеді. Содан да бас көтермей қызыға оқып шықтым. Былтырғы тындырған бір ісім осы болды. Ал биыл... Отыз жасын орталамай жатып омыртқа жұлынына зақым келіп, төсекке, арбаға таңылған атпал азаматтарымыз, түрколог ғалым, жазушы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді», ақын Нұртас Исабаевтың «Өмірге құштарлық» атты ғұмырнамалық роман-эсселерін оқып шықтым. Аяқ-қолы балғадай, дені сау, зіңгіттей азаматтардың қолынан келмейтін тәуекелге барып, құйттай ғана қаламмен тау қопару дегеніңіз осы. Екі кітапты да толғанбай, бейжай оқып шығу мүмкін емес. Адам бойындағы өмірге құштарлық сезімін еселей түсуімен, денсаулықтың қадірін, өмірдің мәнін ұғынуға жетелеуімен де құнды дүниелер екен. Сондай-ақ, соңғы бірер ай ішінде танымал ақындарымыз Ертай Ашықбаевтың, Серік Ақсұңқарұлының, сосын өзіміздің жерлесіміз Нарша Қашағанұлының бірқатар жыр жинақтарын зерттей, зерделей оқып шығуға уақыт таптым. Сол-ақ екен, жырға сусаған жансарайым бір жаңғырып, жарқырай ашылғандай болды. Қайран жыр, қайран ақындар! Әрқайсыcы бір-бір әлем екен. Өлеңдерімен түгелге жуық таныса келе, қолтаңбалары қандай екенін, қай биіктен саңқылдай үн қататындарын шынайы ұғындым. Өлеңдегі өзіндік өрнектері, ширыққан сезім қуаттары қандай әлеуетті! Ақтөбелік Ертай мен қарағандылық Серік ақындардың адамзаттық деңгейде ой қозғайтындығы тәнті еткен. Қазақы өлең құйылысына әкеліп қосқан поэтикалық леп, поэзиялық түр, формалар қаншама! Ашықбаевтың «Әскерден келген студент», Ақсұңқар-ұлының «Қараорман», «Қыпшақ хиссасы» кітаптарынан білгенім де, «ілгенім» де көп-ақ. Қайсыбірін айтарсың! Бір ғажабы, өзіміздің Нарша ақынымыздың әлеуеті олардан бір де кем емес екен. Өз биігінен өзіндік болмысымен саңқылдай үн қатады ағамыз. Бұрын өлеңдерін үзіп-жұлып оқығандықтан, мағынасына, мәніне аса тереңдей қоймаған екенбіз. Накеңнің шығармашылығында тереңдік, кеңдік, биіктік өлшемдерінің бәрі де бар. Ақынның таңғы шықтай мөлдір де пәк болмысы, жүрегі тек елім, жерім деп соғатыны, құшағы әркезде де жақсылыққа ашық, жақсы, жайсаң мінезі тұр жырларында. Нені айтса да жанын жеп айтатыны, жүрегімен айтатыны байқалады. Бәлкім осынысы болар, оны өзгелерден ерекшелендіріп тұрған? «Жақсылық жаса адамға», «Елде тұрам» деген қос кітабының өн бойына арқау-тін болып өрілген ізгілік пен адамгершілік әдептерінің молдығы бізді осындай ойға қалдырды. Ең бастысы, Нарша ақын адамды, елді, жерді сүйеді, басқаларды да солай етуге үндейді. Оның гуманистігі, кісілігі осыдан көрінеді. Елінің нағыз азаматы, патриоты, демократ ақыны болған екен Нәкең. Сонау бір тоқсаныншы жылдардың басында орын алған қиындықтар тұсында: Өсіп кетіп өзінен туған жас бала, Ауыл – ана қарайды, әне, жасқана. Ауысқан талай, ауысар әлі бас қала, Ауыл ғана ауыспайтын астана! – деп Нәкеңдер ғана айта алған еді. Сол бір қиын-қыстау кезеңде талай азамат өкіметті, билікті емес, осы Нәкеңді тыңдады, айтқанына құлақ асты, ден қойды. Аузының уәлілігінен болар, Ақынға сенді. Көндіге алмай қиындыққа тап келген, Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден. Туған жерден таба алмаған бақытты, Жазғандар-ай, тапса жақсы-ау жат жерден. Біреу мұнда бала сүйген, бақ көрген, Тағы біреу таянышын тапты елден. Жұртқа тастап жақсы, жарқын жылдарын Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден... – деп келетін өршіл рухты жырлары ақынды елімен біржола етенелестіріп, ажырамастай мәңгілік қауыштырған да секілді. Кей кездері кейітіп алсам, достарым, Кешіріңдер кедір-бұдыр Наршаны... – немесе Кім болса да, дүниеден озғасын, Қиналмауын өтем тілеп өз басым. Жақыныңның жан азабын көруді Ей, адамдар, ешқайсыңа жазбасын!– деу арқылы өзінің жан сырымен де бөліседі. Ақын: Онсыз да бұл заман ызғарлы, Күйреуде күнәсіз сан арман. Сүйіңдер, сүйеңдер қыздарды, Қыз деген сол үшін жаралған... – десе де, Сайқымазақ дейді біреу мендейді, Салдарлылық, салмақтылық кем дейді. Көп көңілін емдеп, демдеп мен жүрмін, Сонда менің жанымды кім емдейді?! – десе де, алғауыз сенесің, иланасың. Шырайлы да шынайы шумақтар сенің де көңіліңдегіні тап басқандай. Ақынның өз сырын, мұңын халықтың мұң-мұқтажымен астастыра, қопара қозғауы дегеніміз, сірә, осы болар?! Нарша Қашағанұлы айтты деген ұтымды ой, шешендік сөздер жуықта жеке кітапша болып басылып шықты. Сөзі халық аузында айтылып, өзі «халықтық ақынға» айналып кеткені қуантады. Наршатанудың басы ғана бұл. Арда ақынымыздың екінші – өлмес, өшпес өмірі енді басталып жатыр... Виктор Гюго «Кітап – асып-таспайтын асыл досымыз» деген екен. Мен сол асыл достарымды, ал, олар мені сағынып қалыпты. Сіздер де сағындырмаңыз оларды.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».