Уақытша тіркеу деген не және ол үшін қандай құжаттар керек?
Уақытша тіркеу деген не және ол үшін қандай құжаттар керек?
Қазақстанның өзге қаласына уақытша тұру үшін барған кез келген қазақстандық міндетті түрде сол жерде тіркелуі керек. Бұл талапты орындамаған азамат 16 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейінгі аралықта айып төлейді.
Бүгін Астанада ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаменті басшысының орынбасары Галина Сәрсенова жаңа заңның негізгі нормаларын түсіндірді. Оның айтуынша, тұрған жері бойынша тіркелу талабы – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе.
Тіркеу адамдардың еркін жүріп-тұруына кедергі жасамайды, ал тіркелу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығында 10-20 минут қана уақыт кетеді дейді Сәрсенова.
Қандай құжаттар керек?
Тіркелуге көп құжат қажет емес, алайда тіркелуші өзі болуы міндетті. Галина Сәрсенованың айтуынша, тіркелу үшін бүгінгі күні мынадай құжаттар керек:
- Үй иесінің келісімі
- Үй иесінің жеке куәлігі
- Тіркелушінің жеке куәлігі
- Тіркелу үшін 227 теңге төлегені туралы түбіртек
Сонымен қатар тіркелетін үй иесінің өзі немесе нотариус куәландырған сенімхаты қажет. Электронды сандық қол болған жағдайда азамат электронды үкімет арқылы тіркелуіне болады және тұрақты тіркелген жерінен тіркеуден шығу қажет емес.
Бір пәтерде қанша адамды тіркеуге қоюға болады?
Санитарлық талаптар бойынша, пәтерде әр тіркелушінің кемінде 15 шаршы метр тұрғын жері болуы керек. Әзірге бұл норма Алматыда енгізілген. Болашақта елдің барлық аймақтарында осындай талаптар қабылданатын болады. Тіркелген әр адамға пәтерден қанша тұрғын жер берілуі керектігі әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Алматыда 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде төрт адамнан артық тіркеуге алуға болмайды.
Басқа қалаға ұзақ уақытқа емделуге немесе, ауруханаға жату үшін барған азаматтар да сол жерде тіркелуі тиіс. Ал басқа қалада жұмыс істейтін, бірақ қонақүйде тұратын адамдар қонақүйде тіркелуіне болады.
«Сыбайластық мәселесі маңызды сұрақ. Біздің қатарымызда қолы таза емес адамдар болуы мүмкін. Бірақ қайта-қайта пара бергенше, бір рет 200 теңге төлеп тіркелген тиімді. Немесе сыбайластыққа жол бермеу үшін үйде интернет арқылы тіркелуге болады» деді Сəрсенова ханым.
Айыппұлдар қандай?
Енді заң талаптары бұзылған жағдайда салынатын айыппұлдар туралы. Уақытша тұрып жатқан жерінде бір айдан аса уақыт тіркеусіз тұрғаны үшін 7 АЕК, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады. Екінші тексеру кезінде заңбұзушылық анықталса, айыппұл 13 АЕК, яғни 29 500 теңге болады.
Пәтершілерді тіркеуге қоймаған пәтер иелері 10 АЕК, яғни 22 600 теңге айыппұл төлейді. Олар жеке тұлға емес, шағын кәсіпкерлер болса айыппұл көлемі 15 АЕК немесе 34 000 теңге, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері болса – 50 АЕК көрсеткіш, яғни 113 500 теңге.
Алайда, заң күшіне енгенмен, айыппұлдар салу әлі де көптеген құжаттардың қабылдануын талап етеді. Сондықтан уақытша тіркеусіз азаматтарды анықтау ісі 2017 жылдың 1 ақпанында басталады.
Галина Сәрсенованың айтуынша, тіркеусіз адамдарды анықтау ісі бұған дейін де жүріп келді. Мысалы, өткен жылы 13 адам осы талапты орындамағаны үшін жауапқа тартылған.
2016 жылдың 22 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кейбір заңдық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын. Ол бойынша, үй немесе пәтерді жалға бере алатын адамдар ондағы азаматтарды тіркеуі міндетті.
Бұл құжатты дайындау Ақтөбе мен Алматыда болған террорлық актілерден кейін қолға алынды.
Бүған дейін тіркеуге тұрмаған азаматтарға 7 қаңтардан бастап айыппұл салынатынын хабарлаған едік.
ақпарат көзі: stan.kz