Денсаулық

Қадамыңа нұр жаусын, «Нұрлы жер»!

Қадамыңа нұр жаусын, «Нұрлы жер»!

2016 жылдың 9 қыркүйегіндегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа кешендік жолдарын қарастырудың қажеттігін атап көрсетіп, Үкіметке «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасын дайындауды тапсырған болатын. Онда елдің әрбір азаматына 10 сотық жер бөлу мәселесі қамтылатын болады. Таяуда Үкімет бағдарламаны толық қолдады. Тиісінше түзетулерін енгізіп, 2017 жылдың басынан бастап іске асыру үшін бекітуге де ұсынғаны белгілі. Бұл мәселе Парламент депутаттарының талқысынан да өтті. Жуықта жаңа бағдарлама «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында талқыланды. Елбасы партияға Үкіметпен бірге бағдарлама жобасын тұрғындармен, қоғамдастықпен және бизнеспен талқылауды тапсырды. Бағдарламаны іске асыруда қалың елдің тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсаты көзделуде. Аталған бағдарлама жобасында, сондай-ақ, ипотекалық несиелерді ипотекалық қарыздарды субсидиялау арқылы қолдау, жекеменшік салушыларды ынталандыру, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» салымшылары мен әкімшілікте кезекте тұрғандар үшін несиелік тұрғын үй құрылысының мөлшерін ұлғайту, мемлекеттің инженерлік коммуникацияны салып беруі арқылы жеке құрылысты дамыту жолдары да қарастырылған. Осының нәтижесінде, 15 жыл ішінде 12,0 миллион шаршы метр несиелік тұрғын үй салынатын болады, бұл 200 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, «Нұрлы жер» бойынша Үкімет алдағы екі жылда 100 мыңнан астам жер телімін елге таратпақ. Ол учаскелерге жеке үй салуға болады. Яғни, жол төселіп, жарық, жылу тартылады. Әрі ипотекалық несиенің пайызы екі есеге дейін арзандауы ықтимал. «Нұрлы жер» бағдарламасында пәтер бағасының шаршы метрі де қайта белгіленуі тиіс. Ал баспанаға зәру жұрттың сөзін сөйлеп, ерекше белсенділік танытқан депутаттар енді құрылысқа бөлінген қаржыны да өздері қатаң қадағаламақ. Үйсіздердің ендігі үміті – «Нұрлы жер» бағдарламасында.

«Ақ жол-Ақпарат».