Еңбекпен келген бақыт
Еңбекпен келген бақыт
Облыс әкімі кәрім көкірекбаев Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллинаға бес бөлмелі үйдің кілтін тапсырды
Жүзу спортынан Рио-де-Жанейро Паралимпиадасы ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина үлкен қуанышқа кенелді. Облыс басшысының қолдауымен чемпионға «Тараз-Арена» спорт сарайының жанынан бес бөлмелі үй салынып, ол жаңа жыл қарсаңында салтанатты жағдайда табыс етілді.
Жаңа жылдың басталуына санаулы сағаттар қалған сәтте облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы барып, жаңа қонысқа көшкен чемпионды құттықтады. Бұл үйдің құрылысына «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік жасап, үш айдың көлемінде бітіріпті. Зәулім де сапалы үйдің құрылысына демеушілердің есебінен 20 миллион теңге қаражат жұмсалған. Мұнда арнайы жаттығу залы да, пандус та бар. «Қазақстан Халық Банкі» облыстық филиалының директоры Нұрлыбек Сейдахмет мырза сыйлаған 3 миллион теңгеге үйге қажетті жиһаздар сатып алыныпты. Мұнда құрылыс жұмыстары Германияның технологиясымен жүргізілген. Өңір басшысының қолдауымен осындай құрметке бөленген Зүлфия Ғабидуллинаның қуанышында шек болған жоқ. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы: «Зүлфия, мінекей, сәтімен біткен үйің, жайлы қонысың құтты болсын! Сен мемлекетіміздің мәртебесін көтердің. Біз сені қашанда мақтан тұтамыз. Сенің жеңістерің жамбылдықтар үшін өте бағалы. Енді алаңсыз жаттығуға мүмкіндігің бар. Алдағы уақытта да жеңістерің көп болсын. Мұндай мүмкіндіктің барлығы мемлекетіміздің өркендеуінің арқасында, Елбасының ерен істерінің, жасампаз жұмыстарының нәтижесімен жүзеге асып отыр. Жаңа қонысыңмен тағы да құттықтаймын», – деді. Рио Паралимпиадалық ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина: «Маған Жаңа жыл қарсаңында осындай қуаныш сыйлаған Кәрім Нәсбекұлы сізге, «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және «Қазақстан Халық Банкі» облыстық филиалының ұжымдарына алғысымды білдіремін. Әрине, өте қуаныштымын. Осы кезге дейін көп қабатты үйде тұрып келдік. Ол үйдің баспалдағынан мініп-түсу өте қиын болды. «Тараз-Аренаға» келген сайын осы спорт сарайына жақын жерде менің қонысым болса деп армандаушы едім. Облыс әкімі бүгін сол арманымды орындап, қуанышқа бөлеп отыр. Еліміздегі өркендеудің, игілікті істердің барлығы Елбасының жасампаз бастамаларының нәтижесінде, мемлекетіміздегі береке-бірлік пен тату тірліктің, тыныштықтың арқасында мүмкін болып отырғанын жақсы түсінемін. Сондықтан, Елбасына, облыс әкіміне отбасымның атынан шынайы алғысымды білдіремін. 11-сыныпта оқитын қызымның есінде де бұл жаңа қоныс ерекше сақталып қалатын болады. Құдай қаласа, осындай қамқорлықтан кейін мен барынша ықласпен жаттығуға кірісемін. Жақсылықтың өтеуін ел намысын абыройлы қорғап, қайтарғым келеді. Сол үшін барымды саламын. 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасына қатысуды және олжамен оралуды алдыма мақсат етіп отырмын. Өте қуаныштымын» деді толқынысын жасыра алмай. «Сый қылсаң, сыпыра қыл» дегендей, алдағы көктемде «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі чемпионның үйінің ауласын көріктендіру, абаттандыру жұмыстарын да жүргізетін болады. Облыс әкімі чемпион жайған дастарқаннан дәм татып, Зүлфия Ғабидуллинаға табыс тіледі.
Есет досалы, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.