Экономика

Құланның қайырымды кәсіпкерлері

Құланның қайырымды кәсіпкерлері

Бүгінде мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында жеке қаражаттары есебінен әлеуметтік нысандар салып, ел игілігіне ұсынып жатқан кәсіпкерлер қатары молая түсуде. Мұндай жомарт жүректі, қолы ашық азаматтар біздің ауданымызда да баршылық. Мысалы, «Атымтай жомарттығымен» танылып, ел-жұртының сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген «Құлан жолдары» ЖШС-ның басшысы Қоныс Сағынбеков қандай мақтауға да әбден лайықты азамат. Ол көп жылдардан бері аудандық деңгейдегі көптеген мәдени-көпшілік, қайырымдылық шараларына демеушілік көрсетіп, тұрғындардың ризашылығына бөленумен келеді. 2003 жылы аудан аумағында орын алған зілзаланың зардабынан жапа шеккендерден де қолынан келген көмегін аяп қалған жоқ. Бертінде аудан орталығында субұрқақ орнатты. Ал өзі туып-өскен Қазақ ауылынан балабақша ғимаратын тұрғызып, ел игілігіне пайдалануға берді. Өткен жылы мұндай балғындар ұясын Құлан ауылынан да ашты. Қазір онда 100 бүлдіршін тәрбиеленуде. Кәсіпкер азамат оны барлық қажетті жиһаздарымен толықтай жарақтандырып беріп, қызметкерлеріне айлық жалақыларын да уақтылы төлеп отыр. Қ. Сағынбеков көп балалы, тұрмысы төмен отбасылар балаларына киім-кешек, оқу құралдары түрінде жәрдемін де береді. Мұндай қайырымдылық көмектер мұқтаж жандарға Жақсылық ауылындағы шаруа қожалығының төрағасы Сатжан Мамырбаевтың тарапынан да көрсетілуде. Есімі елімізге танымал кәсіпкер, «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Халит Базаралиевтың ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, көп балалы отбасыларды айрықша қамқорлығына алып отырғанын атап өтуге тиіспіз. Көп жылдар бойы аудан басқарған, белгілі кәсіпкер Сәбит Садықовтың да ел игілігін үстеудегі еңбегі ерекше. Әлбетте, кәсіпкерлік әлеуеттері молдығының, істің көзін таба білетіндігінің арқасында ауылдардың еңсесі тіктелуіне қол жеткізіп отырған бұл азаматтарға қазірдің өзінде ел риза. Әсіресе, ілкімділер үшін игілікті істері үлгі, өнеге болуда. Алдағы уақытта бұдан ауқымды жұмыстарды жүзеге асыратындарына бек сенімдіміз. Осы орайда, Құлан ауылындағы жекешелендірілген бұрынғы орталық әмбебап дүкен мен аудандық тұтынушылар одағы кеңсесінің ғимараттарын ортақ игілігімізге пайдаланудың мүмкіндігі бар деген ойдамыз. Аталған нысандардың иелері олардың бірін спорт, екіншісін өнер мектептеріне айналдырса, құба-құп болар еді. Өйткені, ауданның спортшы және өнерлі жасөспірімдері үшін осындай заманауи нысандар өте-мөте қажет. Жаны жайсаң, қолы ашық азаматтарымыз еліміздің болашағы – бүгінгі жастардың жағдайын ойлап, олардың спортпен, өнермен айналысуына мүмкіндік жасап жатса, бұл іс көп өтпей өзінің оң жемісін де бермек. Рас, бүгінгідей нарықтық қарым-қатынастарға негізделген заман кезінде танымал меценаттар ауылдық жерлерде мешіт, мектеп салып, ауруханаларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қарттар үйіне көмектесіп, жетімдерді жебеп, әр саладағы дарынды жастарды қолдап, демеушілік көрсетуде. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта жарасымды жалғасын табатынына сенеміз. Қолы ашықтың жолы да ашық.

Мәскеу НОҚРАБЕКОВ.

Т. Рысқұлов ауданы.