Өркениет көшімен бірге өркендеу
Өркениет көшімен бірге өркендеу
немесе саладағы өзгерістерден не күтеміз?
Бес күндік оқу жүйесіне қай сыныптар көшеді?
Өткен жылы орта білім беруде енгізілген өзгерістердің бірі – бес күндік оқу жүйесі. Нақтырақ айтсақ, 2016-2017 оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушылары жаңа оқу бағдарламасына сәйкес, аптасына 5 күн оқып, екі күн демалатын болған. Енді, міне, биыл сенбі күні сабаққа бармайтындар қатары көбейе түспек. Яғни, 2017-2018 оқу жылында тағы төрт сынып осы жүйе бойынша білім алуға көшеді. Жалпы, жаңа оқу бағдарламасына көшу туралы мәселе көтерілгелі бері осы тақырып төңірегінде түрлі пікірлер айтылды. Кейбір ата-аналар мен ұстаздар балалардың алты күннің өзінде оқу бағдарламасын әзер меңгеріп жүргенін айтып, наразы екенін білдірсе, біразы бес күндік оқуды құптауда. – Барлық сыныптарды жаңартылған оқу бағдарламасына көшіру 2020 жылға қарай аяқталады. Мәселен, биыл қыркүйектен бастап, екінші, бесінші, жетінші сынып оқушылары 5 күндік оқу аптасына көшеді. 2018 жылы – 3,6,8, 10-сыныптар, 2019 жылы – 4,9, 11-сыныптар көшіріледі, – дейді облыстық білім басқармасы орта білім бөлімінің басшысы Айдын Досыбаева.
Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиетін қазақ тілінде оқиды
Алдағы уақытта орта білім беру жүйесінде күтіліп отырған өзгерістер мен жаңалықтар көп. Соның бірі – үш тілде оқыту. Отандық білім саласындағы негізгі басымдық осыған берілуде. «Білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді үйренуге басымдық берілген. Үштілділіктің мәні де осында. Алдағы уақытта орыс тілінде оқытатын мектептерді қоса алғанда барлық мектептерде қазақ тілі және әдебиетімен қатар Қазақстан тарихы да қазақ тілінде оқытылады. Осы арқылы балалар мемлекеттік тілді жете меңгереді деп ойлаймыз. Мектепте қазақ тілінде оқығанымен, қазақша еркін сөйлей алмайтындар бар. Сол үшін әдістемені өзгерту қажет. Бұл жұмыс екі бағытта жүргізілуде», – дейді маман. оқытудың жаңа технологиясы
Оқытудың жаңа технологияларын енгізу бағытында қолға алынған шараның бірі – орыс тілінде білім беретін мектептерде балалар қазақ тілін 100 пайыз меңгеруі үшін әзірленген қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға жеделдете үйретудің жаңа әдістемесі мен оқулықтар. Соның нәтижесінде қазір қолданыстағы грамматикалық аударма әдістемесінің орнын тиімділігі жоғары коммуникативті «Қазақ тілі – баршаға» жаңа әдістемесі алмастырып отыр. Екінші бағытта қазақ тілін үйрететін әлемдік деңгейдегі әдіскерлер даярлау ісі қолға алынуда. Сала мамандары осы мақсатта Білім және ғылым министрлігі Германия, Израиль елдерімен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтады. Келіссөздер тиімді жүргізілсе, бұл елдер қазақстандық жас әдіскерлерді 6-12 айлық курстарға қабылдайтын болады. «Кейін осы екі бағыт біріктіріледі. Бұл жүйе орыс тілінде оқытатын мектептерде биыл жаңа оқу жылынан бастап енгізіле бастайды. Ауызша және жазбаша қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлінеді. Басты мақсат – 2020 жылға қарай, Елбасы айтқандай, барлық мектеп бітірушілердің қазақ тілін еркін меңгертуге қол жеткізу. Ал «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес 2019-2020 оқу жылында 10-11 сыныптар физика, химия, биология, информатика пәндерін тек ағылшын тілінде оқитын болады. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мектептерде, оның ішінде орыс тілді мектептерде қазақ тілі және әдебиетімен қатар Қазақстан тарихы пәні де қазақша оқытылатын болады», – дейді Айдын Досыбаева.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».