Президент Әкімшілігінің басшысы мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды
Президент Әкімшілігінің басшысы мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары институтын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарланды.
Ақордада Президент Әкімшілігі басшылығы және министрліктер мен агенттіктердің жауапты хатшылары қатысқандағы кездесу барысында мемлекеттік органдардың Мемлекет басшысы актілері мен тапсырмаларын орындау, мемлекеттік қызмет көрсету, бюджет қаражатын пайдалану, сондай-ақ стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді атқару саласындағы жұмысында кездесетін негізгі проблемалар талқыланды.
Бұдан бөлек, орталық атқарушы органдардың ағымдағы жұмысының түрлі мәселелерін талқылау және шешу мақсатымен Президент Әкімшілігі Басшысының жауапты хатшылармен апта сайынғы кездесуін өткізу тәжірибесін енгізу жөнінде шешім қабылданды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты хатшыларға мемлекеттік аппараттың тұрақты және тиімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz