Экономика

2017 жылдың қаржысы қомақты

2017 жылдың қаржысы қомақты

Жомарт Әмірханов, облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы. Облыстық бюджет кірістерінің жалпы көлемі 2017 жылы 199,6 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде, өзіндік кірістер 19,8 миллиард теңге көлемінде жоспарланған. Республикалық бюджеттен түсетін трансферттердің көлемі 179,8 миллиард теңге болса, оның ағымдағы нысаналы трансферттері 19,5 миллиард, нысаналы даму трансферттері 11,3 миллиард, субвенциялар 149,0 миллиард теңге болып бекітілді. Ал облыстық бюджет шығындарының жалпы көлемі 199,6 миллиард теңге сомасында қарастырылды. Бекітілген бюджетке сәйкес 2017 жылы даму бюджеті 24,2 миллиард теңге көлемінде жоспарланған. Ендеше, әр салаға бөлінген қаржыға жеке-жеке тоқтала кетсек. Білім саласын дамытуға барлығы 5,3 миллиард (оның ішінде ҚР Ұлттық қорынан 4,4 миллиард) теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаржыға 2016 жылы басталған апатты жағдайдағы екі мектептің құрылысын аяқтау және екі мектеп құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Бұдан басқа, 2,8 миллиард теңге жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6 апатты мектептің (оның екеуі 2016 жылдан өтпелі) және 2 орын тапшылығы бар мектептің құрылысы үшін қарастырылып отыр. Сондай-ақ, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында орта мектептерге жапсарлас немесе жанама құрылыс салу және мектептердің ғимараттарын қайта жаңғырту қарастырылған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында облыстың аудандарында барлығы 135 келушіге арналған 8 дәрігерлік амбулаторияның, барлығы 40 келушіге арналған 3 фельдшерлік-акушерлік пункттің және 5 келушіге арналған 1 медициналық пункттің құрылысын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, облыстың ауылдық елді мекендері мен қалаларын сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерін дамытуға 2,9 миллиард теңге бөлінбек. Оның республикалық бюджеттен бөлінетін сомасы 1,5 миллиард теңге болса, жергілікті бюджеттен 1,4 миллиард теңге қарастырылған. Ал жылу-энергетикалық жүйелерін дамыту бойынша 500 миллион теңгеге республикалық бюджет қаражаты есебінен 2017 жылы Қордай ауданында әуе желісі мен қосалқы станса жобасының құрылысы басталмақ. Газ тасымалдау жүйесін дамыту шеңберінде 2 жобаның құрылысы мен 7 жобаның жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Бұдан басқа, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 6,8 миллиард теңгеге 14 жобаны іске асыру көзделген. Спорт және мәдениет саласын дамыту мақсатында облыстық бюджеттен 941,6 миллион теңге қаражат қарастырылып, осы қаражат шеңберінде 6 жоба іске асырылмақ. Оның ішінде Қордай ауданы Қордай ауылындағы 320 келушіге және Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылындағы 160 келушіге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Шу ауданы Шоқпар ауылындағы 100 орынға арналған клубтың құрылыстарын жүргізу жоспарланған. Коммуналдық шаруашылықты дамытуға бағытталған 14 жоба іске асырылмақ. Көлік инфрақұрылымын дамытуға 1,4 миллиард теңге бөлініп, оған Тараз қаласындағы Айша бибі көшесі бойындағы көлік жолының жолөткелін қайта жаңғырту, Жуалы ауданындағы «Тау самалы» туристік кешеніне автокөлік жолының құрылысы мен «Ақыртас» сарайы кешеніне автокөлік жолының құрылыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде индустриялық инфрақұрылымды дамытуға 8 жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 298,7 миллион теңге қаражат қарастырылды. Жалпы, жыл өткен сайын әр салаға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып, соған сай облыстың экономикалық ахуалы артып келе жатқанын аңғаруға болады. Келер жылға қарастырылған бюджет көлеміне қарап, өңір экономикасында тағы да оң өзгерістер болады деген болжам айтуға болады.