Су мәселесіне қатысты бес мақсатты индикатор
Су мәселесіне қатысты бес мақсатты индикатор
Орталық коммуникациялар қызметіне Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров келіп, елдегі су мәселесіне қатысты бес мақсатты индиктор жайында кеңінен баяндады.
- Үкіметтің қаулысымен еліміздің су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Бұл су үнемдеуге, су ресурстарын қосымша ұлғайту және су объектілерін басқару жүйесін жетілдіруге бағыттылған бес мақсатты индикатор бойынша топтастырылған.
Бірінші индикатор – 2020 жылға дейін ішкі жалпы өнім бірлігіне шаққандағы тұтынылатын су көлемін 33%-ға төмендету. 2016 жылға қарай біз су тұтыну көрсеткішін 14 %-ға төмендетуге тиіспіз, немесе ЖІӨ 1000 долларына тұтынылатын су көлемін 97 км³-ден 83,4 км³-ге дейін азайту қажет. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін магистралды және бөліп тарату каналдары мен гидромелиоративтік жүйелер қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізіледі.
Екінші индикатор – жерүсті су ресурстары көлемін ұлғайту. Бұл міндеттерді орындау мақсатында су қоймаларын қайта жаңарту көзделіп отыр. Ол үшін су қоймалары тереңдетіліп, бөгеттер күшейтілмек, су тораптарында күрделі жөндеу өтіп, жаңа су қоймалары салынбақ.
Үшінші және төртінші индикаторлар елді мекендердердегі сумен қамту және суды бұру жүйелерімен байланысты болғандықтан, белгіленген көрсеткіштерге аймақтарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында көзделген шараларды орындау арқылы қол жеткізіледі.
Бесінші индикатор – табиғи нысандардың жыл сайынғы қажеттілігін қанағаттандыру арқылы сулы экологиялық жүйелердің сақталуын қамтамасыз ету. Бұл міндет табиғатты қорғау мақсатындағы су жiберуді қамтамасыз ету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы көлдерді тазалау және санациялау, су ағыстарын тазалау, сондай-ақ, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші фазасын іске асыру арқылы орындалады, - деп атап өтті Нұрлан Жамбылұлы.
Ақпарат көзі: www.baq.kz