Сұхбат

«Тәуелсіздігімізге – тәубе, елдігімізге – шүкір»

«Тәуелсіздігімізге – тәубе, елдігімізге – шүкір»

Бүкпесіз әңгіменің жаңа жыл қарсаңындағы құрметті қонағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсифат Салықова

«Айқайлап, ағыл-тегіл жылап алғым келді»

– 76 жасыңызда Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» кинотуындысында Зере әжені сомдап, жақында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандыңыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы мен Тауық жылы қарсаңындағы бұл қуанышыңыз барша өнерсүйер жамбылдықтардың да мерейі десек артық айтпаймыз. Әңгімемізді «Құнанбай» фильмінен бастасақ, сізді бұл киноға қалай таңдап алды? Зере образы сізге қалай бұйырды? img_8625– Мен бұл киноға кездейсоқ түстім деуден аулақпын. Өткен жылы наурыз айында «Қазақфильмнен» әлдекім қоңырау шалып, «Сізді «Құнанбай» киносының түсіріліміне, ондағы Зере рөліне кастингке шақырамыз. Қай уақытта келесіз, пойызыңыз қай уақытта келіп тоқтайды, соны айтыңыз, өзіміз күтіп аламыз» деді. Мен келістім. Кастингке бардым. Ұмытпасам, сәуір айының 23-і болатын. Айтқанындай күтіп алып, іріктеу алаңына ертіп барды. Бірден киініп дайындалдым. Мен кимешектің сыртынан байлайтын күндікті өзім апарған болатынмын. Неге десеңіз, өзімнің күндігімді ерекше етіп байлаймын. Мақтанғаным емес, мен сияқты екінің бірі байлай алмайды. Өзім негізі шығыстың қызымын ғой. Шығыста күндікті үш түрлі қып тағады. Бірі қарапайым етіп байлап, екі ұшын артына бос қояды. Енді бірі Дина Нұрпейісова апамыз құсатып өзіндік ерекшелігімен тағады. Ал ел аналары, сыйлы бәйбішелер домалақ етіп байлайтын болған. Бірақ, бұл үшінші түрі күрделі. Оны байлау оңай емес. Мен сол түрін арнайы таңдап алдым. Себебі, Зере анамызды ел анасы ретінде елестетіп, солай тағуға дайындалып бардым. Күндікті тағып жатқанымды киносуретшіміз байқап отырыпты. Бір кезде Досхан келді де, сәлемдесіп, жасымды, көңіл-күйімді сұрады. Сосын ертіп әкеліп, бір диванға жайғастырды да екі шетіме Күңке мен Ұлжанды отырғызып қойды. «Апа, Зере өте бақуатты жерден шыққан. Құнанбайдың ауылына арбаны алғаш әкелген Зере әжеміз. Оған дейін ол ауылға арба мүлде келмеген екен» деп баяндай жөнелді. Кинода Құнанбайды Омбыға айдауға алып кетер сәтін суреттеп, екі келінімді қос қанатымның астына алып, қара шаңыраққа қамқор, сүйеніш болып қалатынымды әсерлі етіп әңгімелегенде, оқиға желісі көз алдымнан көрініс болып өтіп жатты. Өзім де байқамаппын, соны Досхан айтып отырғанда екі көзімнен жас парлап, еріксіз төгіліп қоя беріпті. Сосын бір-екі кадр түсірді де, «апа, қайта беріңіз» деп шығарып салды. Содан не керек, үшті-күйлі хабарсыз кетті. Екі ай уақыт өтті арада. «Е, кастингтен өтпегенмін ғой, әйтпесе шақырар еді. Алматыда менен де мықты, мен деген өнер майталмандары, Халық әртістері көп қой. Солар тұрғанда облыстық театрдың актрисасын қайтсін?!» деп жүре бердім. Мамыр, маусым аяқталып шілде басталғанда телефоныма тағы да «Қазақфильмнен» қоңырау түсті. «Апа, сіз Зере рөліне іріктеуден өттіңіз. 10 шілде күні Семейде болыңыз, түсірілім 12-сінен басталады» деді. Қуанғаным өтірік емес. Барсам Асқарбек Сейілхан да сонда жүр. Екеумізді машинамен алып кетті. Жолда Ақшоқыға тоқтап, Құнанбайдың басына Құран оқып, ақтығымызды байлап, ары қарай аттандық. Абай ауданы Қарауыл ауылынан он екі шақырым жердегі Қарашоқы аумағында түсірілімді бастап кеттік. – Кино барысында атқа қарғып мініп, шаба жөнелетін сәтіңіз бар. Сексенге таяп қалған жасыңызда бұл сізге қиынға соқпады ма? – Әрине, қиынға соқты. Кастингке түскенде Досхан атқа мінетінімді ескерткен болатын. «Балам-ау, мен атқа соңғы рет 1965 жылы мінгенмін. Одан кейін мініп көрмеппін. Қалай болады екен?!» дедім де қойдым. Барған соң «осы атқа мінесің» деп көрсетсе, ерте бастан жануарды өзіме үйрете берейін деп, қалтама қант та салып алған едім. Алайда, мен ойлағандай болмай шықты. Түсірілімді бірден атқа мінуден бастадық. Бірінші мінген атым асау, үркек болды. Сәл оқыс қимылға, бөтен дыбысқа үркіп кетеді. Екінші атқа мінгізіп еді, оның ер-тоқымы ыңғайсыз екен. Үшінші мінген атым ғана жайлы болды. Құнанбайдың Омбыға алып кетер сәтінде артынан қуып, шауып баратын кадр ғой сол. Содан не керек, бірінші түсірілімім аяқталды. Терден денем шылқыған суға айналды. Алғашқы кадрға түсуім ғой. Қалай болады, жақтыра ма, жақтырмай ма деп қатты толқыдым. Досханның өзі аттан сүйеп түсіріп, «Апа, рахмет, рахмет!» деп қолымнан сүйе берді. Таңғы сегізде басталған түсірілім қас қарайғанда бір-ақ бітті. Тамағым кеуіп кеткен. «Су, су беріңдерші» дегенге әрең әлім жетті. Қыздар жан-жағымнан демеп, жағдайымды жасап жатыр. Бірақ, сол сәтте бәрінен босап, мұнартып көрініп тұрған таудың арасына барып қатты айқайлап, ағыл-тегіл жылап алғым келді. Оның себебін түсіндіре алмаймын...

«Абайдың 100 жылдығында әкем ат мінген екен...»

– Түсірілім барысы сізге қиын тиді ме сонда? – Жоқ, олай дей алмаймын. Алпыс жылға жуық театрдағы тәжірибем бәріне жетеді ғой. Тек, бөлек бір күй кештім. Қиынға соққан кадр болмады емес, болды. Ол – туындыда намазымды оқып отырып, ойымды бөлетін шағым бар ғой, бәрінен де сол ауыр тиді. Намаз үстінде селк етіп «Е-ее, омырауымды жумай, дәрет алмай емізбеуші едім, құлыным. Орыстың түрмесінде асыл сүйегің шіритін болды-ау!» деп тебіренемін. Негізі намаз үстінде ой мүлде бөлінбеуі керек. Түсірілімнен соң намазымды жалғастырып, аяқтадым. – Әуезовтің «Абай жолын» бір емес, бірнеше мәрте оқыған шығарсыз. Кітаптағы Зере мен кинодағы ақылман ана арасында алшақтық болды ма? – Әркім әрқалай топшылап жатар. Бірақ, мен олай ойламаймын. Екеуі де Зеренің ақылман, мейірбан аналық болмысын көрсету идеясына негізделген. Кастингке түспей тұрып, Абайдың кітаптарын қарап, қара сөздері мен өлеңдерін қайта оқып шықтым. Шынымды айтсам, онда бұл киноға түсем деген ой басыма кіріп-шыққан жоқ. Бірде үйге келсем, балаларым оқыған болу керек, үстелдің үстінде «Абай жолы» кітабының үшінші томы тұр екен. Соны бастан-аяқ парақтап, кітапханадан алдыңғы екі томын және төртінші томдарын алып қайта оқыдым. Бұл наурыз айы еді. Сөйтіп, «Абай жолын» төртінші рет түгел парақтадым. Сәуірде Зере образын ойнауға іріктеуге шақырғанда, қайран қалдым. Жақсылыққа жорыдым. Осылайша жолым болып, кастингтен өттім. Негізі менің әкем Рахымбай Дүйсекеев айтыскер, халық ақыны болатын. Абайдың жүз жылдығында республикалық айтыста бас жүлдені жеңіп алып, ат мінген екен. Міне, осының бәрі сәттілікке себеп болды деп ойлаймын. – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғанда қандай сезімде болдыңыз? – Сенбедім. Алғашында марапатқа ұсынылып жатқанын Досхан хабарласып айтты. Мен бірақ онша үміттенбедім. Кейіннен Асқарбек те «өтесіздер бұйыртса» дегенде де «Табақ тартпай жатып тұздық, асатпай жатып құлдық болмасын, көрерміз» деп жүрдім. Сөйтсем, 28 қараша күні Елбасының алдына түсіпті. Мемлекет басшысы қол қойған соң, 1 желтоқсан күні ҚР Тұңғыш Президенті күні ресми жарияланды. Сонда да сенбедім. Газетке шыққанын күттім. Газеттен оқып, бір-ақ иландым. Қуанышымда шек болмады. Көз жасқа да ерік бердім. Бұл – менің ғана емес, барша жамбылдықтардың, сексен жылдық тарихы бар облыстық театрымыздың да мерейі деп білемін.

«Мен үшін кино алаңынан бұрын, театрдың төрі қымбат»

– Талай жыл театрда еңбек етіп, қаншама қойылымдарда ойнап жүріп ала алмаған сыйлыққа, бір киноға түсіп ие болдыңыз... – Жоқ, мен бұған келіспеймін. Кім біледі, елу жеті жылғы еңбегімнің өтемі осы «Құнанбайдағы» Зере образы арқылы келіп отырған шығар. Бұл менің кинодағы бір образымның арқасында емес, жарты ғасырлық тәжірибелі еңбегімнің, Құдай берген өнерімнің арқасында келген жетістік деп білемін. Алланың қалауымен, Зере образы соған себепші болды. Әрине, басты рөлдердің бірін сомдай отырып, алғашқы рет киноға түсуім осы. Алайда, бұрындары бір-екі рет көпшілік арасында елеусіз образдарға түскенмін. – Енді айтыңызшы, осы ретте кино мен театрдың айырмашылығы мен ұқсастығы неде екен? – Театр – синтездік өнер ғой. Бір түскен образыңды әр ойнаған сайын жетілдіріп, көрерменге жаңаша қырынан танытып, көрсетуіңе мүмкіндік бар. Ал, кинода бір сәтті шыққан кадр таңдалып алынады да, сол таспаға түседі, әрі өзгеріссіз, тарих болып сақталып қалады. Оны қайта қарап отырып, «Былай ойнағанымда басқаша болар ма еді» деп өкінгенмен, оған екінші рет мүмкіндік берілмейді. Бір қызықты айтып берейін, түсірілім барысында менің кимешегімнің астына микрофон тағылған болатын. Мен оны ұмытып кетіп, театр сахнасында жүргендей даусымды көрерменге жеткізу керек деп сезініп «Құнаш, Құна-а-ашш» деп айқайлағанда жан дауысым шығып кетіпті, режиссерлер тоқтатып ескерту жасағанда, өзім де еріксіз езу тарттым. – Бірақ кинода сәтті шыққанша, қайталап ойнай беруге болады ғой... – Иә, ол да бар. Бірақ мен «Құнанбайда» өзі төрт-бес рет ойналатын мүмкіндікті ғана пайдаландым. Кинода әр сөзді айтуға қажетті уақытты белгілеп, шекті қалыпты көрсетіп береді екен. Содан шықпауың керек. Әйтеуір, сол қалыпқа сыйып жүрдік қой. Режиссер мен операторларды көп шаршатпадым деп ойлаймын. Кейбіреулер дұрыс шыққанша кадрды сан рет қайталап түсіре беретінін естігенмін. Осы ретте айта кетейін, менің жаным да, қаным да театрға берілген, сіңісіп кеткен. Театрдың орны бәрінен биік. Мен үшін кино алаңынан бұрын театрдың қасиетті төрі қымбат.

«Ескерткіш Зереден өзімнің бейнемді көргендей болдым»

– Ұлы, ойшыл ақынның қалыптасуына тікелей әсер еткен әженің, қатал да әділ бидің анасының образын сомдау сізге қандай жауапкершілік жүктеді? – Әлбетте, Абайдай данышпан ақынның әжесін, Құнанбайдай тұлғаның анасының рөлін сомдау оңай емес. Бар қазаққа белгілі ел анасының, көкірегі ақыл-ойдың көмбесіне айналған әженің болмысын алып шығу ауыр, әрі талабы мол сынақ болды. Оған іштей дайындығың мықты болу керек. Образды ойдағыдай алып шығып қана қоймай, тұлға болып өмір сүруге тиіссің. Көрерменді сендіру қажет. Мен кастингке шақыртылғаннан бастап, Зере туралы терең іздендім. Бұрынғы «Абай жолындағы» Зеремен шектеліп қалмай, кітапханалардан түрлі шығармалар мен ғылыми жұмыстарды тауып, ол туралы алуан мәліметтердің сырына қанықтым. Қызықты жайттарға да тап болдым. Соның бірі деп, Зеренің баласы Құнанбайды ертіп Кеңгірбай биден бата сұрай барғанын айтсам болады. Тобықтының атақты биі бала Құнанбайға екі рет барғанда да бетін қайтарып, батасын бермейді. Тек үшінші мәрте барғанында ғана «Тоғызыншы ұрпағыңа дейін түндігің түрілмесін!» деп теріс батасын берген екен. Қашанда баласының ертеңінен үлкен үміт күтетін ана ғой, Зере үйден жылап, Құнанбайды ертіп кетеді. Бұны көріп тұрған бидің бәйбішесі Кеңгірбайдан неге бұлай еттіңіз деп сұрайды. Сонда би бәйбішеден ұзап кетіп бара жатқан Зере мен Құнанбайдың соңынан көз тастауды бұйырады. Бәйбіше теріс бата алып бара жатқан ана мен баланың артынан ит секілді еріп бара жатқан екі үлкен қараны байқап, оның себебін биден сұрайды. Кеңгірбай: «Бәйбіше олар ит емес, менің бөрілерім. Менің үш бөрім бар еді, соның екеуі осылармен кетті. Теріс бата бермегенімде үшеуінен де айырылар едім. Екі қайтара жіберіп, үшінші кезегінде ғана мойын бұрғанымның да өз себебі бар. Осы үш жылдың ішінде өз руымнан, ұрпағымнан біреу келіп бата сұрайтын шығар деп күтіп едім, әттең... Әлі де болса, үш бөрімнің біреуін соларға сақтадым» деген екен. Бұдан аузы дуалы бидің Құнанбайдың болашағына қаншалықты әсер еткенін байқауға болатын сияқты. Зере жылап, Өскенбайға теріс бата алып келгенін айтқанда, «Осыған да рахмет. Би ағаның бізге көңіл бөліп, теріс бата бергенінің өзі неге тұрады» деп, Өскенбай мал сойып, ұлан-асыр той жасаған екен. – Биыл тамыз айында шұрайлы Шығыстың Жарма ауданы, Қалбатау ауылында Абайдың асыл әжесі Зереге еңселі ескерткіш орнатылды. Сол ескерткішті бажайлап қарағанда сіз сомдаған кинодағы Зере бейнесін көруге болады. Бұл жай бір ұқсастық па? – Жай ғана ұқсастық деуге келмейтін шығар. Сол ескерткіштің ашылу салтанатында құтты қонақ ретінде мені де шақырған. Қатысып қайттым. Құрмет көрсетіп, Ш.Құдайбергенов атындағы Семей мемлекеттік университетінің арнайы төсбелгісін тақты. Сол ауылда Зере атты бүлдіршін қыз балалар көп екен, соларға ақ батамды бердім. Мүсінді Ертіс Тәтиев пен оның ұлы Еркебұлан Ертісұлы жасапты. Әкелі-балалы мүсіншілермен салтанат барысында таныстым. Ескерткіш Зереден мен де өзімнің бейнемді көргендей болдым. Солай сезілді, өзіме ұқсаттым. Мұның сырын мүсіншілерден сұрап едім, олар «Иә, апа, он ай бойы жасалған бұл ескерткішті суреттеуде «Құнанбай» киносын төрт рет көріп шықтым. Содан сіздің кейбір жерлеріңізді, бет-әлпетіңізді келістірдім. Абай эпопеясын талай мәрте оқығандығымның да әсері мол болды» деді мүсінші Ертіс.

«Бір жыл мұғалім болып та қызмет еттім»

– Жоғарыда Шығыс Қазақстаның тумасы екеніңізді айтып қалдыңыз... – Ойыңды түсіндім, Таразға қалай тап болып жүрсіз дегің келеді ғой?! Рас, мен Шығыс Қазақстанның Жарма ауданының қызымын. Сонда туып-өстім. Бойжетіп, алғашқы еңбек жолымды сол жақта бастадым. Мектепті бітірген соң медициналық училищеге құжат тапсырып, бір себептермен оқуға түсе алмай қалдым. Содан жұмыс істеуге ұмтылдым. Аудандық білім бөлімінің басшысынан жұмыс сұрап барып ем, мектепке мені мұғалім етіп қойды. Бесінші, алтыншы сыныптарға тарих, жағрафиядан сабақ бердім. Негізі бұл пәндерді өзім беске оқығанмын. Десе де, кітапханаға күнде барып, білімімді жетілдіріп жүрдім. Осылайша, дипломсыз бір жыл мұғалім болып қызмет еттім. Ұстаз болып жүріп, отағасымен таныстым. Көп ұзамай шаңырақ көтердік. Онда жолдасым Мақсұт Семей театрының актері болатын. Бірде Таразға гастрольмен келгенде, өнерін Тұрар Дүйсебаев ағамыз жақсы бағалап, Жамбылға шақыртады. Бар жағдайын жасап беруге сөз береді. Жолдасым өз еркімен Семей театрынан шығып, Таразға алып-ұшып келдік. Келсек Тұрекең жоқ. Басқа жаққа ауысып кетіпті. Режиссер Тілек Ерғалиев менің жолдасымды емтихан арқылы театрға қабылдады. Тараз бізді жатсынған жоқ, бауырына басты. Бізде Жамбыл жерін жанымыздай жақсы көріп кеттік. Мақсұт талантты әртіс болатын. Оның өнерін көзкөргендер, дос-таныстары өте жоғары бағалады. – Мұғалім Нұрсифат қалай актрисаға айналды? – Таразға келген алғашқы жылдары кітапхана саласында еңбек еттім. Кешкі уақытта қолым қалт еткенде театрға барып, Мақсұттың қасында болып, көпшілік сахнаға қатысып жүрдім. Ән айтатыным бар еді. Театрдың шағын оркестріне қабылдандым. Осылайша, әртістікке біржолата бейімделіп, бойымдағы талант шоғы тұтанып, түрлі образдарды сахналай бастадым. Содан бері маған сенім артқан режиссерлерімнің сенімін ақтауға әлі күнге дейін барымды салып келемін. – Әртістің сахнадағы қандай да бір образы шынайы өміріне әсер етеді деп жатады. Келісесіз бе? – Келісемін. Менің басымнан ондай өте қойған жоқ. Сахнадағы образдан бірден арылып, өмірде өз болмысыммен өмір сүруге тырысамын. Образда қалып қоюға болмайды. Кейде, ойнаған рөліңнің әсерінен арыла алмай қалатын кездер кездескенімен, бір таңды атырғанда қайта ес жиып аламын. Семей театрында Тұратай Иісова деген актриса болды, сол Қарагөзді ойнап, өзі де кейін ауырды. Жүйке жүйесі сыр берген ол емделіп барып қалыпқа келді.

«Еден жуып, күзетші де атандым»

– Әр адамның өмір жолы – бір спектакль деп жатады. Сіз өз өміріңізді қай жанрдағы спектакльге балайсыз? Трагедия, комедия, драма? – Өмір сахнасында барлығы ауысып отырады. Осылардың бәрін өткеріп келемін. Жеңілмеуге, сынбауға барымды салдым. Жолдасым Мақсұттан ерте айырылдым. Ол жаман дерттен бақиға аттанғанда мен бар-жоғы 39 жаста едім. Барлығын өз мойныма алдым. Перзенттерімді өсіріп, жеткізу керектігімді сезіндім. Енді ес жиып жатқанымда, екінші ұлымнан айырылып қалдым. Осының бәрі оңай емес, әрине. Әзер төздім. Ұлдың қазасынан соң, екі ай қатты ауырып, ес жидым. Қайғыдан жүрегім қарс айырылды. Өлгеннің артынан өлмек жоқ екен. Шыдадым. Театрдағы табысыма жұрнақ қылып қосымша жұмыстар жасадым. Күндіз өнер адамы, актриса болсам, кешкісін еден жуушы болдым. Үйімнің қасындағы сауда орталығында түнгі мезгілде қарауыл болып та жұмыс істедім. Таң атпастан оянып, сауда орталығына келген заттарды ішке тасысып та жүрдім. Міне, осындай сынақтардан өттім. Қарап отырсаң бұл трагедия, драма емей немене?! Қазір, шүкір, ұл-қыздарымның арқасында, немере-шөберелеріммен бірге тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Мақсұтты сағынамыз, сахнада бірге ойнаған сәттерімді, өмірде бір жүрген шақтарымды аңсаймын. Жастай өмірден озған ұлымның орны да ойсырап тұр. Солар тірі болғанда қуанышымыз бұдан да еселенер ме еді... – Немерелеріңізге қандай әжесіз? – Оны немерелерімнің, ұл-қыздарымның өздері айта жатар. Бірақ, мейірімді, жұмсақ, ақылман, Зередей зерделі әже атануға тырысамын. Қазір немере ғана емес, шөбере де сүйіп отырған бақытты апамын. Немерелерімді бауырыма басып өсіргенмін. Кішкентай немерем жеті айында анасы сырқаттанып қалғанда, емшектен шығарып өзім қарағанмын. Анасы емделіп шыққанша, немерем де маған бауыр басып қалды. Ал қазір немерелерімнің біразы сыртта жүр. Демалыста қыдырып келгенде бастарынан сипап, бар ақыл-өнегемді айтып отырамын.

«Әкем дәрігер болуымды қалаған еді»

– Тағдырдың тауқыметін балалық шағыңыздан бастап тартқаныңыздан хабардармыз. Айтыскер ақын әкеңіз «Халық жауы» атанып, абақтыға жабылғанда сіз қанша жаста едіңіз? – Бұл туралы көп айтпаушы едім. Мен ол кезде анамның құрсағында екенмін. Әкем халық ақыны, молда кісі болатын. Өзі де белгілі молданың баласы болған. Осылардың бәрі әсер етті ғой. 1937 жылы қазан айында ауылдағы дүкеннің ішінен ұстап әкетіпті. Қасындағы ағам әкелеп жылағанда әкем: «Бар, шешең мен қарындасыңа ие бол, соларға қарайлас» деп бірауыз сөзді ғана айтып, кете беріпті. Мектепте оқитын ағамды «Халық жауының» баласы деп, оқудан шығарып тастапты. Алайда, Құдай қарайласып, мен туған соң, сегіз ай абақтыда жатқан әкем бостандыққа шығып, отбасымыз қуанышқа кенеліпті. Абақтыдан шығарда үш күн бұрын әкем түс көріп, түсінде бір ақсақалға жолығыпты. Амандасып қос-қолын созған әкеме абыз қария «саған осы да жетеді» деп саусағының ұшын ғана ұсыныпты. Ал абақтыдан қалай босап шыққанын көп айта бермейтін. Бізді қыз бала деп ағам да ондай әңгімелерге онша жуытпайтын. Сол себепті арғы жағы маған белгісіз күйде қалыпты. Бір білерім, анам да әнге жақын адам болды. Анамнан көп әндерді үйрендім. Бірақ, әкем дәрігер болуымды қалады. Әртіс болып, Мемлекеттік сыйлыққа жетемін деп кім ойлаған ол кезде. – Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде театр саласы қандай жетістіктерге жете алды? – Тәуелсіздік – бұл өте қастерлі ұғым. Асыл ата-бабаларымыз армандап, бұл күнді көре алмай кетті. Біз бақыттымыз. Тәуелсіздіктің тірегі болған тұрақтылық пен татулықтың арқасында елдің кез-келген саласы дамып келеді. Соның ішінде өнер саласы, театр өнерінің өркендеуі де өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы, қазір барлық театрлардың жағдайы жақсы. Енді кем-кетіксіз дүние болмайды ғой. Облыстық театр әртістерінің жалақыларының аздығы, баспанасыздығы секілді өткір мәселелер баршылық. Десек те, біздің облысымызда алдағы уақытта бұл бағытта біршама жұмыстар жүргізіледі деген үміттеміз. Облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы жуырда бір басқосуда алдағы жылдары өңірдегі өнер адамы, қаламгерлер мен журналистерге арнап көп қабатты үй салу жоспарда бар екенін жеткізді. Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында қыруар қаржы бөлініп, театрымыздың ғимараты түгелдей күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жиһаздар, сахна жабдықтарымен қайта жасақталды. Әлбетте мұның бәрі егемендігіміздің, елдігіміздің, Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі деп білемін. Тәуелсіздігімізге – тәубе, елдігіміз – шүкір дейік. Биыл қара шаңырақ атанған облыстың қазақ драма театрына сексен жыл толып отыр. Осыған орай тұңғыш кәсіби режиссерлеріміздің бірі Асқар Тоқпановтың есімін осы өнер ордасына беру туралы ұсыныс көтерілді. Қолдадық. Ұсынысымыз қабыл болса, құба-құп болар еді. Тоқпановтың еңбегі біздің де театрға сіңді. Оның жалпы қазақ театры өнеріне еткен еңбегі ұшан-теңіз. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».