Денсаулық

Ақмола облысында рақымшылық заңына сәйкес 138 сотталушы бостандыққа шығады

Ақмола облысында рақымшылық заңына сәйкес 138 сотталушы бостандыққа шығады

Ақмола облысында рақымшылық заңына сәйкес 138 сотталушы бостандыққа шығады. Бұл туралы облыс прокуратурасының өкілдері биылғы жылдың 13 желтоқсанында Мемлекет басшысы қол қойған «Еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық туралы» заңына түсінік беруге арналған брифинг барысында айтылды.

Брифингке облыс прокуратурасының сала басшылары қатысып, заңның негізгі ережелері мен оның нормалары қандай тұлғаларға қолданылатынын түсіндірді. Облыстық прокуратураның 7-ші басқармасының басшысы Әмір Омаровтың айтуына қарағанда, аталған заң жарияланған күннен бастап алты айдың көлемінде жүзеге асырылады. Заң ережесіне сай рақымшылық жасауға кішігірім қылмыстар, жекелеген орта дәрежелі, кейбір жағдайларда ауыр қылмыстар да жатады. «Біздің облысымыздың аумағында бүгінгі күні 7 түзеу мекемесі болса, онда 3394 адам жазасын өтеп жатыр. Сонымен бірге, уақытша тергеу оқшаулағышында 222 адам отыр және 1303 адам пробациялық есепте тұр. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі күні жазасын өтеп жатқандардың 138-і рақымшылық заңына орай бостандыққа шыға алады», деді Омаров. Айталық, рақымшылыққа ілініп отырған бұл 138 жазасын өтеушінің 5-уі кішігірім қылмыс жасағандар да, 133-і орта дәрежелі қылмыспен сотталғандар. Екінші топтың ішінде ұрлық үшін сотты болған, бір кәмелетке толмаған жасөспірім мен бір үшінші топтағы мүгедек және жасы алпыстан асқан адам бар. «Бұған қоса, ауыр қылмыс жасаған 146 сотталған адамның жазасын өтеу мерзімдері қысқартылады. Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер мен мүгедектер және жасы алпыстан асқан сотталған 11 адамның жазаларын өтеу мерзімінің жартысы қысқартылса, қалған 135 адамның кесімді мерзімдерінің төрттен бірі қысқартылмақ. Осылайша, рақымшылық заңына байланысты жеңілдік алатындар қатары 284 адам болып отыр», - деді Омаров. Брифинг барысында БАҚ өкілдері Заңның қолданылу мерзімдері мен қамтитын ауқымы тұрғысында бірқатар сұрақтар қойып, сала басшыларынан нақты жауаптар алды.

ақпарат көзі: kazinform.kz