Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу түрлері
Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу түрлері
Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер және (немесе) ақша аударымдары қолма-қол ақшаны пайдаланып, сондай-ақ оларды пайдаланбай (қолма-қол ақшамен жасалмайтын төлемдер) мынадай тәсілдерімен: 1) қолма-қол ақша беру; 2) электрондық ақша беру; 3) төлем құжаттарын пайдалана отырып, ақша аудару; 4) ақшалай міндеттеме немесе ақша төлеу туралы бұйрығы бар төлем құжатын беру; 5) электрондық төлем құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Қолма-қол ақшамен жасалмайтын төлемдер және (немесе) ақша аударымдары банк шоттарын пайдалана отырып, сондай-ақ оларды пайдаланбастан теңгемен және шетел валютасымен төлем құралдарының негізінде, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» 2016 жылғы 26 шілдедегі №11 ҚР Заңының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлем жасалатын күні қолданыста болған бір айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асатын сомаға жасалған мәміле бойынша заңды тұлғалар арасындағы төлемдер қолма-қол ақшасыз жасалатын тәртіппен ғана жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының аумағында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде төлем құралдарының мынадай түрлері: 1) төлем тапсырмасы; 2) төлем талабы; 3) чек; 4) вексель; 5) инкассолық өкім; 6) төлем ордері; 7) төлем хабарламасы; 8) электрондық төлем құралы пайдаланылады. Қолма-қол жасалмайтын төлемдi жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен клиенттiң банк шотын пайдалана отырып та жүргiзiлуi мүмкiн. Сонымен бірге, ақша төлемдері және (немесе) аударымдары төлем карточкасын пайдалану арқылы да жүзеге асырылады. Карточка арқылы есеп айырысудың артықшылығы, оның жоғары жылдамдықпен жүргізілуінде (ақшаны төлеушінің шотынан есептен шығару және есепке алу лезде орындалады), банк кредитін пайдалануға мүмкіндік береді, қолма-қол ақшаның эмиссиясына, тасымалдауға, сақтауға және қайта санауға кететін шығындар азаяды. Төлем карталары алып жүруге ыңғайлы, оларды қолдан жасау қиын, жоғалтып не ұрлатып алған жағдайда иесінің алғашқы өтінімі бойынша шот оқшауланады. Жоғарыда айтылғандардан, банктік карталармен есеп айырысудың келешегі зор деп қорытынды жасауға болады. Ақшалай есеп айырысуды қолма-қол ақшасыз аударымдарды пайдалана отырып ұйымдастырудың қолма-қол ақшамен жасалған төлемдерге қарағанда анағұрлым артықшылығы бар, ол қолма-қол ақшаны үнемдеуге, айналым шығасыларын қысқартуға, кәсіпорынның жүргізген операцияларын, олардың салық, төлем және есеп айырысу тәртібін сақтауын бақылауға мүмкіндік береді. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың қаражат айналымын жылдамдату, айналысқа қажетті қолма-қол ақшаны азайту, айналым шығасыларын төмендету кезінде маңызды экономикалық мәні бар; ақшалай есеп айырысуды қолма-қол ақшасыз ұйымдастыру қолма-қол ақшамен жасалған төлемге қарағанда анағұрлым қолайлы.
Айгүл БАЙҒҰЛОВА, ҚР Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалы бөлім бастығының міндетін атқарушы.