«Алтын күн аспаны, алтын дән даласы...»
«Алтын күн аспаны, алтын дән даласы...»
Әнұран асқақ рухпен шырқалған күн
Арайлы Жақсылық, студент.
Бұзылмайтын жай түссе де қаймағы, Отаныма азаттықтың сай бағы. Ұлы елдің өр беделін дәріптер, Рәміздерім-елдігімнің айғағы.
Асаулығы бұл халықтың күй ағын, Тұлпардайын жер тарпыған пырағым. Рух сыйлаған шаршы алаңда ұлдарға, Әуелеген әуезді Әнұраным.
Тұтқиылдан азат таңға төнсе мұң, Мойымайтын мықтымсың сен, еңселім! Түйсінеміз, ұғынамыз жүрекпен, Елтаңбадан еркіндіктің өлшемін.
Тамырымды Тәңірімнің сый емі, Өр қазақтың қаны бойлар киелі. Дәуірлердің дүмпуінде құламас Туым менің – тектіліктің тірегі.
Маңдайымда Елтаңбамыз тұр аман, Берік қолда Туым, әсте құламан. Әнұраным жүрегімде маздаса, Мұнан артық бақыт хақтан сұраман.
Бүгін еркін, ертең алып айбары, Береке мен татулықтың қайнары. Қасиетін қастерлеген ұлы елдің, Рәміздерім – елдігімнің айғағы!
Жер бетінде азаттыққа жете алмай, азып-тозып жүрген қаншама халық бар. Шүкір, біз өз алдына бөлек дербес елміз. Тіліміз - тірегіміз, дініміз - діңгегіміз. Ұшы- қиыры жоқ ұлан-ғайыр даламыз ұлттар достығының ұлағатты ордасы бүгінде. Арқа төсінен бой көтерген асқақ Астанамыз отандастарымыздың бейбітсүйгіш болмысын, биікке ұмтылған мақсаткерлігін, тарих алдындағы тегеурінді табандылығын бүкіл әлемге паш етіп тұрғандай. Міне, мұның бәрі де Тәуелсіздік сыйы. Ал, Көкбайрақ, Елтаңба, Әнұран ата-бабаларымыздың арман-аңсары болған сол азаттығымыздың айшықты атрибуттары. Сондықтан да ел тұрғындары төл нышандарымызды айрықша қастер тұтады. Мемлекеттік рәміздер күніне орай облыста өткен мәдени-көпшілік шаралар барысынан да осыны аңғардық. Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай облыс әкімі аппаратының, облыстық мәслихаттың, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің қызметкерлері облыстық әкімдіктің мәжіліс залына жиналды. Сағат тілі 10.00-ді соққанда барлығы жүзге жуық қызметкер оң қолдарын жүрек тұсына қойып, мемлекеттік Әнұранды асқақ рухпен шырқады. Осылайша олар мемлекеттік рәміздерімізге деген өздерінің құрметін көрсетті. Шараға қатысушыларды облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілдә Рахманбердиев құттықтап, сөз сөйледі. – Мемлекеттік рәміздер – елдің елдігін, мемлекеттің егемендігін білдіретін айшықты ұғым. Ол ұлттық мәртебенің кепілі, тұғыры биік Тәуелсіздіктің тірегі. Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз халқымыздың жылдар бойы аңсаған арманы, ұлттық салт- дәстүр мен болашаққа деген тілегін бейнелейтін нышандары. Дана бабаларымыз «Туы биік елдің тұғыры да биік» деген аталы сөз қалдырған. Өйткені, халқымыз әрқашан туын қастерлеп, биікке көтерген. Бүгінде татулық пен достығы жарасқан халқымыз көк байрақтың астында бірігіп, ортақ Отанымызды әлемге танытуда. Елтаңбамыз тарихымыздан сыр шертеді. Ал, енді «Менің Қазақстаным» әні шын мәнінде бабалар арманын жеткізген бүкілхалықтық Гимнге айналып отыр. «Отан» деген ұлы ұғым Тудан, Елтаңба мен Әнұраннан күш-қуат алады. Сондықтан да баршамыз маңызды нышандарымызды қастерлеп, құрметтеуіміз керек. Барлықтарыңызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Р. Рахманбердиев. Дәл осы күні сонымен қатар Тараз қаласындағы теміржол бекетінде, «Алатау», «SMALL» әмбебап дүкендерінде «Мемлекеттік рәміздер-менің мақтанышым» атты флеш- моб ұйымдастырылып, мемлекеттік Әнұран бір мезгілде орындалды. * * * Мемлекеттік рәміздер күніне арналған шаралар мұнымен толастаған жоқ. Осы күні кешкісін орталық «Достық» алаңында өткен «Рәміздерім-мақтанышым» атты форум да қатысушылардың мерейін тасытып, шалқар сезімге бөледі. Әсіресе, Қазақ елінің қалыптасуынан бастап Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі аралықты қамтыған театрландырылған көріністің тәрбиелік мәні зор болды. Көрініс соңынан ұйымдастырылған жастар флеш-мобы да жиылған жұртшылықты желпінтіп тастады. Мұнан кейін әскери хормен бірлесіп, барлық қатысушылар мемлекеттік Гимнді орындады. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Тарих толқынында талай «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерген қазақ халқы бүгінде Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен асқақ. Мемлекеттік рәміздер күніне арналған шаралар оған қатысушылардың мақтаныш сезімін маздатып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.
Тұрсынбек Сұлтанбеков,
"Ақ жол".