Спорт және туризм

Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!

Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!

Бүкіл әлем көз тіккен аламанда топ жару да бір ерлік. Әрине, ерлік даңқ үшін жасалмайтыны анық. Дегенмен, елге ердің өзінен бұрын жақсы аты жететіні бар. Бокстан әскерилер арасында өткен әлем біріншілігіне қатысып жатқан Олжастың жолына үмітпен қараған жанкүйерлер оның табаны Жамбыл жеріне тимей жатып, жағымды жаңалықтан құлақтанып үлгерген еді. Оны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков бастаған спортшылар, ата-анасы мен жерлестері Тараздың шығыс қақпасы алдынан күтіп алды.

5 4Әлем чемпионын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы қабылдап, жеңімпазға лайықты тарту жасады. – «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» деген дана халқымыз. Әскерилер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, елдің атын шығардың. Облысымыздың даңқын асырдың. Сенің спорттағы жетістіктерің бізге жақсы мәлім. 2005 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде топ жардың, 2006 жылғы жастардың әлем чемпионатында күміс жүлдені иелендің. Бүгінгі табысың – cол жеңісті жолдың жалғасы деп білеміз. Саған үлкен үміт артамыз, – деді облыс әкімі чемпион Олжас Сәттібаевқа темір тұлпардың кілтін табыстап тұрып. Аймақ басшысымен болған кездесуде облыс спорты туралы келелі әңгіме айтылды. Өңірімізден шыққан, аты әлемге әйгілі болған спорт саңлақтарының есімдерін атап өткен Кәрім Нәсбекұлы жамбылдықтардың әлі де үлкен спорттың биік асуынан көрінетініне сенім білдірді.

Иә, ертеңінен үлкен үміт күттіретін спортшылар Жамбыл жерінде баршылық. Түбі солардың әлемдік аламандарда топ жарып шығатыны анық. Талай кедергілерге кезіксе де, сеңді бұзып шыққан Олжастың жеңісті жолы осындай сенім ұялатады көңілге.

Биыл 55-ші рет жалауын желбіреткен әскерилер арасындағы әлем чемпионаты Алматыда өтті. «Достық» спорт сарайындағы дүниежүзілік дода еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовті еске алуға арналған болатын. Колумбия, Франция, Шри-Ланка, Бразилия, Оңтүстік Корея, Алжир, Марокко, Германия, Моңғолия, Италия, Қытай, Ресей, Голландия, БАӘ, Тунис, Грузия, Ирак, Нигерия елдерінің былғары қолғап шеберлері бақ сынаған бәсекеде ел құрамасының капитандық міндеті жамбылдық Олжас Сәттібаевқа сеніп тапсырылған еді. Олжас бұл міндетті абыройлы атқарды. Қазақ жігіттері жігерлі екен. Сегізі бірдей финалға шықты. Ақтық сында қарсыластарын қоғадай жапырған Олжас Байниязов (49 килограмм салмақта), Олжас Сәттібаев (52 килограмм), Қайрат Ералиев (56 килограмм), Бекман Сойлыбаев (60 килограмм), Бобыржон Момынов (75 килограмм), А. Абдулаев (91 килограмм) и Қамшыбек Қоңқабаев (+91 килограмм) есімді жеті «жауынгер» чемпион атанды. «Әскерилер арасындағы әлем біріншілігінде үш кездесу өткіздім. Алғаш тунистік боксшымен жолықтым. Бұл шайқаста 3:0 есебімен жеңіске жеттім. Жартылай финалда оңтүстіккореялық Киконг Джу Кимді тізерлеттім, шешуші шайқаста марокколық Абделали Дарааны ұттым. Оқу-жаттығу жиындары жоғары деңгейде өткен. Нәтижесінде 7 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдені еншіледік», – дейді Олжас Сәттібаев. Чемпионатқа команданы бастап барған бапкер Дәурен Жолдасов қазақ боксшыларына қолайсыз қарсыластардың бірі корейліктер деген болатын бір сөзінде. Бірақ, Олжас «корейлік Киконг Джу Кимді жеңу қиын соққан жоқ» дейді. Жамбылдық боксшының жаттықтырушылары Мұрат Әбімселімов пен Нұрлан Ақүрпеков те Сәттібаевтың барлық кездесуде сенімді бокстасқанын айтты. Осы бәсекеде 69 килограмм салмақта сынға түскен тағы бір жерлесіміз Сағадат Рахманқұлов жартылай финалда Олимпиада ойындары мен Еуропа чемпионатының жүлдегері, француз Алексис Вастинге есе жіберіп алды. Есеп – 1:2, қанжығасына түскені – қола жүлде. Сағадат – ұлттық құрамаға биыл ғана шақырту алған жас спортшы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

"Ақ жол - Ақпарат".