Универсиада-2017 еріктілерін іріктеу аяқталды
Универсиада-2017 еріктілерін іріктеу аяқталды
Бүгін 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізуге атсалысатын еріктілерді іріктеу байқауы аяқталды.
Бірінші кезеңі Алматыда 27 қыркүйекте басталды. Өтінімдер жазбаша сауалнама түрінде, сондай-ақ, Универсиада сайтында онлайн арқылы қабылданды. Барлығы 14 165 өтінім жіберіліп, көбісі алматылықтардан (Алматы қаласындағы оқып жүрген студенттер - 9 303) келіп түсті. Сондай-ақ, Универсиада-2017 еріктісі атанғысы келетін шетелдіктердің ішінде ресейліктер басым болды. Олардан барлығы 3594 өтінім келді. Өтінімдер Қазақстан өңірлерінен, сонымен бірге, Италия, Канада, АҚШ, Қытай, Ливан, Ұлыбритания, Гонконг, Украина, Молдавия, Өзбекстан секілді алыс және таяу шетелден де келіп түскен өтініштер бар. Универсиада-2017 еріктілерінің негізгі құрамы ағылшын тілін жақсы меңгерген, көшбасшылық және ұйымдастыру қабілеттері жоғары жасы 18-ге дейінгі және 80 жастан аспаған тұлғалар болуы тиіс. Универсиада кезінде жұмыс жасау үшін барлығы 3000 ерікті таңдап алынды. Ниет білдірген тұлғалармен бетпе-бет және skype арқылы сұхбаттасулар өткізілді. Алыс және таяу шетелден қатысатын еріктілер саны 200-ден асатындығы белгілі. Қазіргі таңда еріктілерді үйлестірумен айналысатын, тиісті оқытудан тренингтер, дәрістер мен спорт нысандарында квесттерден өткен 150 адам таңдап алынды. Еріктілердің бір бөлігі 2017 жылы Алматы қаласында өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізуге арналған іс-шараларға, атап айтқанда, делегация басшыларының жұмыс кездесуі, Универсиада-2017 нысандарындағы сан алуан спорт іс-шаралары, Универсиада-2017 ойындарына дейінгі 100 күнді тойлау секілді тағы да басқа іс-шараларға қатысуда. Еріктілермен жұмыс жүргізудің келесі кезеңінде келісімдерге қол қойылып, оларға қажетті киім-кешек берілетін болады. Жұмыс кезінде еріктілер тамақпен, тегін жолақымен және ұялы байланыспен қамтамасыз етіледі. Универсиада кезінде еріктілер 30-дан аса қызмет бағытында жұмыс жасайтын болады. Олардың көпшілігі спорт жарыстарындағы жұмыстарға тартылып, сондай-ақ, кіріп-шығуды бақылау қызметі, көлік, баспасөз қызметі, медицина, Атлеттер ауылы, көрермендермен жұмыс жүргізу, мәдени іс-шаралар, қонақтарды жайғастыру, аккредиттеу, қауіпсіздік, бас ақпараттық орталық және басқа да жұмыстарға тартылады.
ақпарат көзі: inform.kz