Ортақ мүдде орасан мүмкіндіктерге жол ашады
Ортақ мүдде орасан мүмкіндіктерге жол ашады
Алдымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті. Бұған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше бес елдің басшылары қатысуы тиіс еді. Бірақ жиынға Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко келмеді. Сөйтіп, тек төрт президент – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты. Алқалы жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырды. Экономикалық байланыстар бекиді Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның Кеден кодексі әзірленгенін атап өтіп, оны дайындау барысында қатысушы елдер азаматтарының мүддесін сақтауға, сондай-ақ бизнес жүргізудің ашық әрі тұрақты ережесін қалыптастыруға басымдық берілгенін айтты. «Күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға қарамастан, күш-жігерімізді жұмылдыру арқасында біз жыл басында Қазақстан ұсынған басымдығы бар негізгі бағыттарды іске асыру барысында ілгерілей түстік. Интеграциямыздың негізгі құжаттарының бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі қол қоюға дайын болды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті электр энергетикасы нарығын дамыту бағдарламасы аясындағы жұмыстың аяқталғанына, қызмет көрсету секторларын ырықтандыру жоспарының әзірленіп жатқанына және ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын құру жөніндегі үдерістердің басталғанына назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақстанның төрағалығы кезінде халықаралық ынтымақтастық нығайғанын атап өтті. «Біз бұл бағытта айтарлықтай ілгеріледік. Қазан айында Вьетнаммен арадағы еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді. Иран, Үндістан, Сингапур және Мысыр елдерімен осындай аймақтар құру жөнінде келіссөздер бастау туралы мәселе қарастырылып жатыр. Түрлі мемлекеттермен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы 25-тей меморандумға қол қойылды. «Жібек жолының экономикалық белдеуін» осы одақпен ұштастыру ісі бағдарға алынды. Еуропалық одақпен және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен әріптестік жолдары қарастырылуда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Қытаймен және Израильмен сауда келісімдері жөніндегі келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп жатқанын, Одаққа Оңтүстік Америка елдері де мүдделілік танытып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы шетелдік әріптестермен ынтымақтастықтың негізгі қағидалары көрініс табатын сауда саясатын дамыту туралы мәлімдеме ЕАЭО-ның халықаралық экономикалық байланыстарын дамыту жөніндегі қызметтің заңды жалғасы болып табылатынын айтты. «Сонымен бірге, біз сауда келісімдері жөніндегі жұмыстың жүйелілікті, мейлінше тиімділікті, одағымыздың барлық мүшелерінің мүддесін ескеруді талап ететінін ұмытпағанымыз жөн. Тарифтік міндеттемелер құрылымына, біздің мүмкіндіктеріміз бен шектеулерді ескере отырып ықтимал алымдардың тізіміне мұқият талдау жүргізу қажет. Бұл орайда барлық қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерді де ескерген жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ЕАЭО аясындағы жұмысқа ықпал ететін бірқатар факторларды, соның қатарында әлемдік экономикалық жағдайдың нашарлай түскенін және бірлестіктің өз ішіндегі мәселелер шешімін таппай отырғанын атап көрсетті. «Өзекті мәселелерді шешудегі ерекше рөлді ең алдымен Еуразиялық экономикалық комиссия атқаруға тиіс. Бүгінгі таңда дағдарыстан кейінгі жағдайды пайымдау, Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың одан арғы стратегиясын түзуге мүмкіндік беретін жүйелі және ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеу маңызды болып отыр. Осыған орай дағдарысқа қарсы кеңес құру қажет. Егер мемлекеттер басшылары мұны қолдаса, комиссияға бұл мәселені біздің үкіметтермен бірлесе отырып қарастыру және тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма беруді ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан басшылығының ЕАЭО төрағалығын табысты атқаруына тілектестік білдірді. Жиында басшылар одақтың екі жылғы жұмысын қорытындылап, аталған ықпалдастық ұйымының одан әрі даму бағыттарын айқындады. Мемлекеттер басшылары одақтың 2017 жылғы халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын бекітіп, ЕАЭО-ның басты сауда-экономикалық серіктестерімен ықпалдастығының түрлі аспектілерін талқылады. Бұған дейін тізгіні бізде болған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес төрағалығы кезек бойынша Қырғызстанға тапсырылды. Кеден кодексіне қол қойылды Саммиттен күтілген басты жаңалық ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылуы болатын. Алайда, оған жиынға қатысқан елдердің басшылары ғана қол қойды. Бастапқыда Қырғыз Республикасы да бұл құжатқа қол қоюдан бас тартып еді. Біраз талқылаудан кейін, жиын соңында қол қойылғаны мәлімделді. Үш жыл көлемінде әзірленген жаңа кодексте кедендік жұмыстарды ақпараттандыруға жаңа тәсілдемелер, қағаз түріндегі құжат айналымын және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың лауазымды тұлғалармен байланысын азайту мақсатында бизнес үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың ыңғайлы алгоритмі енгізілген болатын. Сондай-ақ, онда Одаққа мүше елдердің барлығына арнап кедендік операцияларды барынша бірдейлендіру қарастырылған. Жаңа құжат күшіне енген соң ЕЭК барлық елдер үшін бірыңғай баж салығынсыз сауданың жоғары өзіндік құнын және салмақтық шекті айқындамақ. Тараптар өздерінің қалауы бойынша халықаралық пошта жөнелтілімдері, сондай-ақ, экспресс-тасымалдаушылар арқылы тасымалданатын тауарларға қатысты ұлттық деңгейде бажсыз тасымалдаудың барынша төмен нормаларын бекіте алуы керек болатын. Сондай-ақ, Кеден кодексі күшіне енсе, 2018 жылдан ЕАЭО елдеріне шетелдік интернет-дүкендерден бажсыз тасымалдаудың шегін біртіндеп төмендетуді енгізу қарастырылған. Кодексті алдағы жылдың шілде айынан бастап заңды күшіне енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, үш ел ЕАЭО сауда саясатын дамыту туралы мәлімдемеге қол қойды, Қырғызстан бұл құжатқа қол қойған жоқ. Қауіпсіздік мәселелері қаралды Ал келесі алқалы жиын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы отырысының шеңберінде Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей басшылары Ұйым аясындағы одақтық өзара әрекеттестіктің өзекті салаларын, оның ағымдағы қызметін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. «Біз әлемнің көптеген өңіріндегі қарым-қатынастардың қалыптасуы қаншалықты қиынға соғып отырғанын білеміз. Проблемаларға толы шиеленісті аймақтар саны азаяр емес», – деді іс-шараның ашылу рәсімінде Ресей басшысы. Отырыс барысында қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды талқылады. Жиын негізінен жабық есік жағдайында өтті. Отырыс барысында қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды талқылады. Бұған қоса, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымымен күрес тақырыптары қарастырылды. Келелі кездесу өтті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының отырыстарына дейін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО аясындағы тиімді ынтымақтастығын атап өтті. «Біздің қарым-қатынасымыз дамып келеді. Туындаған мәселелер елдеріміздің үкіметтері деңгейінде шешіліп жатыр. Сізбен бірге Байқоңыр қаласын одан әрі дамыту мәселесін талқыладық. Біз қазір 8 жылға арналған тиісті «жол картасын» әзірледік», – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы республикамыздың ЕАЭО-ға табысты төрағалық еткенін айтты. «Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында тауар айналымы бәсеңдеді, ол биржа бағамының біздің тауарларға деген қатынасына байланысты. Бұл ретте сауданың нақты көлемі сақталуда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Ресей Федерациясымен әскери-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге Сирия қақтығысы жөнінде Астанада келіссөздер өткізу үшін Қазақстан мүмкіндік беруге дайын екенін айтты. Ресей басшысы өз кезегінде Қазақстан Президентін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, еліміздің осы кезеңдегі басты жетістігін атап өтті. «Қазақстан ЕАЭО-ның барлық мүшелеріне оң ықпал ететін интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге белсенді атсалысып келе жатқан ел. Бұған табысты елдің интеграциялық жобаларды белсенді алға жылжытып жатқаны дәлел. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың барлық қатысушыларына оң ықпал етуде», – деді В. Путин. Екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша екі құжатқа қол қойылды. Біріншісі «Байқоңыр» кешенінде ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру тұжырымдамасы, екіншісі – Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құру тәртібі мен олардың мәртебесі туралы мемлекетаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы 1995 жылғы 23 желтоқсандағы хаттаманың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының тізіміне қатысты бөлігі. Сауда айналымына серпін керек Бұл – екі ел президенттерінің осы жылдың ішіндегі төртінші ресми кездесуі. Мұның өзі бұл көршіміздің анау-мынау емес, барлық салада да байланысы бекем, алыс-берісі ауқымды, өзара келісімі кемел сенімді серіктес екенін дәлелдейтіндей. Соңғысы, қазан айында ғана біздің елге сапарлаған Ресей Президенті Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумына қатысып, екі ел арасындағы сауда айналымын арттыруға уағдаласқан еді. Енді, міне, араға екі ай салмай, әріптестер тағы бір әңгімелесіп, келісімдерді кеңейтуді кеңесіп, елдердің ынтымағын нығайтуға ымыраласты. Әрине, қазіргі әлемдік жағдайдың беймаза шағында қай елдің де сыртқы саудада «шекесі қызып» отырған жоқ. Соған қарамастан, Ресей Федерациясы бұрынғыдай Қазақстанның сауда серіктестерінің ішінде басты позицияны ұстап отыр. Дерек көздеріне сүйенсек, Ресейдің еліміздің тауар айналымындағы үлесі 19,1 пайызды құрайды. Оның ішінде экспорт көлемі бойынша 4-орында, импорт бойынша 1-орында. Ресей Федерациясының сыртқы сауда бойынша 2015 жылғы қорытындысында Қазақстан үлесі 3,1 пайызды құрады. Осылайша, Ресейдің негізгі сауда серіктестерінің ішінде Қазақстан 10-орын алған. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 12-орын, ал одан арғы 2013 жылы 9-орын болған. Мамандардың айтуынша, қазір жалпы елдер арасындағы тауар айналымының төмендеуі байқалады. Биылғы жылдың қаңтар-қазан аралығында тауар айналымы 8,7 млрд АҚШ долларын құрады. Яғни, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға төмендеген. Оның ішінде экспорт 30,3 пайызға, импорт 22,8 пайызға қысқарған. Қазір Қазақстанда 5,8 мыңнан астам ресейлік кәсіпорын жұмыс істейді. Ал тіркелгендерінің саны 10 мыңнан асады. Бірқатар нысандарды аралады Қазақстан Президентінің Ресейге жұмыс сапары жексенбі күні басталған болатын. Сол күні Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Санкт-Петербургтегі бірқатар нысандарды аралады. Соның бірі – «БИОКАД» жабық акционерлік қоғамы жұмысымен танысты. Бұл – халықаралық деңгейдегі фармацевтика саласында орны айрықша кәсіпорын. Онда дәрі-дәрмек өндірісімен қатар, биомедицина бағытында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Кәсіпорын клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде математикалық модельдеу қағидаттарын пайдаланады, ол дәрі-дәрмекті қолданудың тиімді тәсілін таңдау ықтималдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, мұнда онкологиялық ауруларға қарсы қолданылатын дәрілерге қатысты өте сәтті зерттеулер жасалған. Ал бүгінде онда адам өмірін ұзартатын да дәрілік препараттар дайындалуда. Қазір «БИОКАД» компаниясында жасалатын дәрілік препараттардың атауы қырыққа жуықтаған, сонымен қатар, бұлардың қатарын көбейтетін тағы қырық шақты өнім зерттелу үстінде екен. Еске салсақ, осыдан біраз бұрын Астанада өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумында осы «БИОКАД» ЖАҚ пен «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС дәрілік заттар өндірісінің толық циклының технологиялық трансфері туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл – біздің елде де айрықша басымдыққа ие медицина саласындағы зерттеулердің ілгерілей түсуіне ашылған тағы бір мүмкіндік. Елбасы Санкт-Петербургтегі өндіріске қажетті заманауи жоғары технологиялы құрылғылар шығаруда әлемде көш бастап тұрған компаниялардың бірі саналатын «Диаконт» АҚ кәсіпорнында да болды. «Диаконт» – өндірісте ғылымның тиімділігін арттыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жоғары технологиялы құрылғылар шығарумен әлемге аты әйгілі кәсіпорын. Бүгінде бұл кәсіпорында әлемдік деңгейдегі жоғары сапалы, инновациялық өнімдер шығарылады. Мәселен, диагностика мен жөндеу жұмыстарына арналған роботты техникалық кешендер, радиацияға төзімді телевизиялық камералар, атом энергиясына арналған техникалық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері сияқты құрылғылар жасайды. Қазақстанда «Диаконттың» диагностикалық роботтары 2009 жылдан бері қолданыста. Ол «Интергаз-Центральная Азия» компаниясының жұмысына енгізілген. Сондай-ақ, радиацияға төзімді камералары бес жылдан бері Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтында нәтижелі жұмыс істеуде. Ал 2016 жылдан бері Қарағандыдағы Турбомеханикалық зауыттағы америкалық құрылғылардың орнын осы «Диаконттың» әлдеқайда күшті әрі тиімді өнімдері алмастыра бастады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен (Ресей) Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды
ақпарат көзі egemen.kz