«Сырнайлатып ән салсам...»
«Сырнайлатып ән салсам...»
«Баласағұн» орталық концерт залында әнші-термеші Бақыт Шағырбаевтың «Сырнайлатып ән салсам...» атты концерті өтті. Бақыт – өзінің ерекше даусымен ән сүйер қауымды тамсандырған, таңдандырған өзгеше өнер иесі. Сондықтан, бұл күні зал тыңдармандарға толы болды. Концертті белгілі тележурналист, Қазақстан Ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай...» бағдарламасымен танымал Бейсен Құранбектің өлеңмен өрнектеп жүргізіп отыруы шараның ажарын ашты. Концерт Орынбасар Әбжаппаровтың «Бір Алла...» әнімен ашылды. Жұрт Бақыттың сырнайын, ерекше даусын сағынған екен, сахнаға шыққан сәтінен қолдап отырды. Арасында Бейсен Құранбектің әзілдерімен әдіптелген өнер кеші еркін үлгіде, өнерпаз бен көрерменнің сырласуы сипатында жалғасып отырды. Сұхбаттасу барысында біз Бақыттың жалғыз Жамбыл жеріне емес, Алатау, Арқа, Алтай, Атырауға ортақ талант екенін танып, сезіне түстік. Қаратаулық «Алтын домбыра» үштігі ортаға шығып, Шағырбаевтың кешіне әннен тарту жасады. Әншінің өз перзенті Тоғжан Бақытқызы Жантөренің «Шалқыма» күйін шалқытып, асқақтатып орындап, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Эстрадамен елірмей-ақ, жалғыз сырнаймен мыңдаған тыңдарманға сырын төкті Шағырбаев. Бақыт Шағырбаев салған әндер жұртты ән әлемінің теңізінде тербелтті, тебірентті. Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұлы», Арман Дүйсеновтің «Бірлік туы – береке!» әндері көңіл толқытты. Халқымыздың аяулы перзенті Дінмұхамед Қонаевқа арналған Нышан Төлегеновтің «Дәуір тұлғасы» әнін шаттана жырлап, жүректерге жеткізді. Бақыттың орындауындағы қырғыз әндері де көрерменді баурап, сергітіп, желпіндіріп отырды. Тіпті көрермендер әншімен бірге қосыла шырқап, өнерпаз бен тыңдарман арасындағы шынайы байланыс сезілді. Концерт Елбасының сөзіне жазылған Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнімен түйінделді. Бақыт Шағырбаев концерт соңында көрерменге және концертті ерекше формада жүргізген Бейсен Құранбекке алғысын білдірді. Сондай-ақ, әнші бірнеше жылдан бері қайырымдылық концерттерін өткізуді дағдыға айналдырғанын айтып, осындай өнер кештері Қаратау қаласында және өңірдің бірнеше ауылдарында жалғасын табатынын айтты. Әнсүйер қауым әншінің бүгінгі концерттегі өнеріне деген құрметтерін орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтауымен жеткізді.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.