Экономика

АУДАНДАР ТАРАЗҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕЙДІ

АУДАНДАР ТАРАЗҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕЙДІ

Жылдың қорытындысына арналған «Ширек ғасыр шежіресі» тақырыбындағы дәстүрлі брифингті жүйелік кестеге сай Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров жалғастырды. Ол ежелден-ақ өркениеттің ошағы болған қаланың тәуелсіздік жылдарындағы өркендеу жолдарына кеңінен тоқталды. Мәселен, 1999 жылы қаланың өнеркәсіп орындары 10,4 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, үстіміздегі жылдың 10 айында 161 миллиард 749,8 миллион теңгенің өнімін шығарған. Өткен жылмен салыстырғанда 22 миллиард 317,4 миллион теңгенің өнімі артық өндірілген. Халықтың жан басына шаққандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 444,1 мың теңге. Нұржан Сәбитұлы Үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға үлкен мән берілетінін, биыл жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайтын 3 индустриялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Олар іске қосылғанда 95 жаңа жұмыс орны ашылады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының қатысуымен «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауыты» ЖШС Тараз филиалы экстрациялық фосфор қышқылын өндіретін технологиялық жүйесін қайта жаңғыру жобасының тұсаукесері өткені белгілі. Жобаның құны – 7 миллиард 700 миллион теңге. Мұнда жылына 220 мың тонна өнім өндіріледі. «Жамбылгипс» акционерлік қоғамы 1 миллиард 715 миллион теңгеге жылына 270 мың тонна өнім өндіретін құрғақ құрылыс қоспаларын және гипс бұйымдарын өндіретін жаңа цехтың құрылысын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтайды. Биыл негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 48 миллиард 667,6 миллион теңгені немесе нақты индекс көлемі 134,0 пайызды құрап отыр екен. 2002 жылы қалада 1960 шағын және орта бизнес кәсіпорындары жұмыс істесе, биыл 31003 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Қала әкімі «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында субсидиялау тетігі бойынша 64 жобаға 14 миллиард 952 миллион теңге Аймақтық үйлестіру кеңесімен мақұлданып, несие беріліп жатқанын, 2016 жылдың 1 қарашасына мемлекеттік бюджетке 24 миллиард 984,0 миллион теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жылдық жоспар 122,5 пайызға орындалғанын атап өтті. Облыс орталығында мүлікті жария ету акциясы да қарқынды жүргізіліпті. Тараздықтар 17 миллиард 096,8 миллион теңгенің мүлкін заңдастырған. Н.Календеров биылғы қаңтар-қазан айларында 107,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін еске салып, білім саласындағы жетістіктерді де алға тартты. Тәуелсіздік жылдары облыс орталығында «Астана», «Бәйтерек» және «Арай» аталатын үш бірдей шағын аудан соғылып, 11 мектеп, 56 мектепке дейінгі мекеме, екі мектептен тыс балалар шығармашылығы орталығы, алты денсаулық нысаны, бір мәдениет және алты спорт кешені пайдалануға беріліпті. Жураналистердің қала тұрғындарының санын көбейту, жаңа газ құбыры тартылған шағын аудандармен көшелерді ретке келтіру, жолдың сапасы, «Бәйтерек» шағын ауданынан мектеп құрылысының қашан басталатындығы, тағы басқа да мәселелер жөніндегі сұрақтарына да қала әкімі толыққанды жауаптар қайтарды.

Амангелді Әбіл, «Ақ жол».