Экономика

ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫНДА ӘЙЕЛДЕР НЕГЕ БАСЫМ?

ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫНДА ӘЙЕЛДЕР НЕГЕ БАСЫМ?

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсету шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру қызметтерін көрсету жобасы қолға алынды. Жаңа жобаны Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы іске асырады. Бұл жайында үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысқан брифингте кеңінен айтылды. Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға бірнеше бағыт бойынша көмек көрсететін «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бүгінде барлық аудандар мен қалаларда тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарлама халықты оқыту мен жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, сондай-ақ, мемлекетте оңтайлы еңбек ресурстарын бөлуге бағытталғаны белгілі. Басқосуда негізінен бағдарлама аясында, әсіресе, әйел азаматшаларды жұмысқа орналастыру мен олардың өз ісін ашуға көмек көрсету мәселесі сөз болды. Мысалы, 2011-2015 жылдар аралығында бағдарлама аясында жұмысқа орналастырылған тұрғындардың 33,5 пайызын әйелдер қауымы құраған. Олар негізінен кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, өз істерін ұйымдастыру үшін шағын несие алған. Бірақ, мамандардың айтуынша, жұмыссыздар ретінде есепте тұрғандардың басым бөлігі әйелдер екен. Жиынға қатысушылар әйелдер арасындағы жұмыссыздық факторлары ретінде отбасы жағдайы және кәмелеттік жасқа толмаған балаларының болуын, жұмысқа аларда жұмыс беруші жасы мен жыныстық белгісіне қарай кемсітушілік көрсететінін, оқу бітіргеннен кейін олардың тәжірибесі мен жұмыс өтілінің болмауы сынды себептерді атап, осындай жағдайда қыз-келіншектерге қалай көмек көрсетуге болатынын талқылады. Бұл мәселенің бір шешімі ретінде еліміздің 5 ірі аймағында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының мақсатын, міндетін және тұрғындарды қолдау шаралары шеңберінде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қолға алынған екен.

Маржан рақай, «Ақ жол».