Аймақ электр қуатымен тұрақты қамтылады
Аймақ электр қуатымен тұрақты қамтылады
Досымхан Аралбаев, «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, ҚР еңбегі сіңген энергетигі, ТМД елдерінің Құрметті энергетигі.
Елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады» деп ерекше атап өтті. Елбасы ұсынған Ұлт жоспарының 50, 51 және 52-қадамдарында электр энергетика саласын қайтадан құру, «Бірыңғай сатып алушы» моделін енгізу өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеуге мүмкіндік беретіні ерекше атап көрсетілді. Өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру, энергия қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру, өңірлерге электр энергиясын таратудың шығынын төмендету, тұтынушылар үшін электр энергиясының ақысын азайту, сондай-ақ, электр энергиясы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу міндеті қойылып отыр. «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Серіктестік – облыс аумағындағы тұтынушыларға электр қуатын жеткізеді және таратады. Электр жүйелері мен трансформаторлық қосалқы стансаларды пайдаланумен және жаңартумен шұғылданады. Мекеме 146,445 мың шаршы шақырым аумаққа қызмет көрсетеді. Облыс аумағында алғашқы электр жүйесінің құрылысы өткен ғасырдың 60-жылдары қолға алынған болатын. Бұрынғы одақ ыдыраған кезде электр жүйесі шаруашылығындағы құрал-жабдықтардың 60 пайызы өзінің жұмыс істеу мүмкіндігін сарқып, қайта жарақтандыру және жаңартуды талап етті. Бұл салада аймақта жаңарту 2007 жылы басталды. Содан бері кәсіпорында бұл бағытта елеулі шаралар қолға алынып, көп іс тындырылды. «ЖЭЖ» ЖШС-ның электр жүйесін дамытудағы 2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бар. Мұның өзі кәсіпорындағы ескі жабдықтарды жаңарту, қайта жарақтандыру және облыстың елді мекендерінің электр қуатымен тұрақты қамтылуын арттыруда. Жаңарту жұмысына жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Үстіміздегі жылы бұл сома 890 миллион теңгені құрап отыр. Елді мекендердегі электр желілерін жөндеу жұмыстары және апаттық жағдай орын алған кезде тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында бұрынғыларына қосымша әуе желілері және қондырғылары орнатылуда. Осы мақсатта үстіміздегі жылдың өзінде бюджеттен бөлінген және өз қаржымызға орасан игілікті істер жүзеге асырылды. Кеңестік кезеңнен бері Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай және Жуалы аудандарының елді мекендеріндегі әуе желілерін жөндеу және апаттық жағдайлар кезінде тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі еді. Осы күрделі мәселені шешу үшін «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл Меркі мен Құлан арасында өз инвестициясын құйып, 56 шақырымға қосымша 110 киловольттық жоғары кернеулі әуе желісін тартуды қолға алды. Бұл мақсатқа кәсіпорын өзінің 920 миллион теңге қаржысын салды. Қазір белгіленген жұмыстың 50 пайызы еңсерілді. Жоба келесі жылы толық іске асырылады. Сол кезде Меркі мен Т.Рысқұлов ауданы елді мекендері мен мекемелерін кез-келген апатты жағдайда тұрақты қуатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Қордай ауданы жарықты кеңестік кезеңнен бері Қырғыз Республикасынан алып келеді. Біздің мекеме ауданның көрші мемлекетке тәуелділігін жою жолында елеулі шараларды қолға алуда. Келешекте осы аудан аумағында 220/110 киловольттық жоғары кернеулі желі тартылады. Үлкен жобаны іске асыруға бюджеттен 4 миллиард теңге қарастырылған. Жоба жасалды, енді оның құрылысы басталатын күн алыс емес. Келешекте Жуалы ауданында да 220 киловольттық қосалқы станса орнатылады. Аудан орталығынан Қошқарата елді мекеніне дейін қосымша 35 киловольттық әуе желісінің құрылысы жүргізіледі. Оған қазір қаражат қарастырылуда. Үстіміздегі жылы облыста кернеу көрсеткіші әртүрлі 313 трансформаторлық қосалқы стансада және 1883 шақырым электр желісінде күрделі жөндеу жүргізілді. Белгіленген тапсырма 101 пайызға орындалды. 8152,7 шақырым электр жеткізу желісі және 1319 қосалқы стансалардың трансформаторларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тапсырма 103 пайызға орындалды. Жөндеу жұмысына 366,4 миллион теңге қаржы жұмсалды немесе жылдық жоспар 151 пайызға орындалды. Кейінгі кездерде ауа райының тосын мінездер танытуы, күшті дауылдар мен тасқындар мамандарымыздың алдына қиын да күрделі міндеттер қоюда. Олар табиғат апаттарын еңсеру жолында үлкен жауапкершілік, табандылық және біліктілік танытуда. Көктемде Талас өзені тасып, Тараздағы және басқа да аудандардағы жағалауларда орналасқан бағаналарды қиратып, шайып кеткені мәлім. Сол кезде білікті мамандарымыз оқиға орнынан табылып, оларды қалпына келтіруде жеделдік танытты. Мұндай жағдай «Жасөркен», «Центральная» қосалқы стансасында, Қант зауыты және «Ауыл-Береке» базарының аумағындағы әуе желілерінде де орын алды. Әйтсе де, мамандарымыз кәсіпорындар мен елді мекендерді жарықсыз қалдырған жоқ. Облыс тұрғындарын жарықпен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында Қордай, Сарысу, Талас және Жуалы аудандарында ескі құрал-жабдықтарды жаңалап, алмастырды. Облыс әкімдігінің энергетика басқармасының өтінішімен 35 киловольттық «Зада» қосалқы стансасының жабдықтарындағы кемшіліктер түзетілді. Соның нәтижесінде қосалқы станса іске қосылды. Электрмонтерлердің жұмысы күрделі әрі қауіпті. Олар кез-келген ауа райының қатал жағдайында апаттарды жою үшін нысан басынан табылып, уақытпен санаспай еңбек етеді. Сондықтан да олардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасауға күш салудамыз. Талас, Т.Рысқұлов аудандарындағы аудандық электр тарату жүйесінің басшылары әкімшілік-тұрмыстық ғимараттарды жөндеуден өткізді. Әкімшілік-тұрмыстық ғимараттардың есік-терезелері ауыстырылып, ауызсу кіргізілді, газбен жылытуға көшірілді. «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС жөндеу жұмыстарымен қоса қайта жарақтандыру, жаңғырту және басқа да жұмыстарды өз қаржысымен жүргізуде. Таразда ұзындығы 39 шақырым 0,4 киловольттық әуе желісіндегі жалаңаш сым оқшауланған сыммен ауыстырылуда. Ағаш бағаналар темір-бетонмен алмастырылуда. Сондай-ақ, 19,5 шақырымда кабель ауыстырылды. Жалаңаш сымдарды оқшауланғанымен ауыстыру аудандарда да қолға алынуда. Осындай жұмыстар Шу ауданындағы 3 елді мекенде 15,2 шақырымда жүргізілді. Мекеме электр қуатын үнемдеуге ерекше көңіл бөледі. Бұл бағыттағы тұрмыстық деңгейдегі электр қуатын бақылаудың автоматтық жүйесі өз нәтижесін беруде. Үстіміздегі жылы көп қызметті осындай есептегіштер 7370 тұтынушыға орнатылады. Аудандық электр тарату жүйесі және Тараз қалалық электр тарату жүйелерінде апаттық жағдай орын алғанда оларды шұғыл жоятын бригадалар құрылған. Олар апатты оқиғалар орын алған жағдайда шұғыл сол жерлерден табылып, оларды қалпына келтіруде әбжілдік пен біліктілік танытуда. Үстіміздегі жылдың 13 қазанындағы нөсер жауын мен қар біздің мамандарымыздың біліктілігіне үлкен сын болды. Ағаштардың құлауынан қираған бағандар мен үзілген сымдарды қалпына келтіруде олар уақытпен санаспай еңбек етті. Соның нәтижесінде елді мекендер мен мекеме, кәсіпорындарға көп кешікпей жарық берілді. Аймақта келесі жылы да тұтынушыларды тұрақты электр қуатымен қамту мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа қомақты қаражат қарастырылады.