Басты жаңалық

АҚШ “Манас” базасын Қырғызстанға тапсыруда

АҚШ “Манас” базасын Қырғызстанға тапсыруда

«Қырғызстанның “Манас” әуежайындағы АҚШ-тың транзиттік жүк тасымалдау орталығы 3 маусым күні ресми түрде жабылды» деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Жабылу рәсімінде қырғыз үкіметіне орталықтың символдық кілті тапсырылды. Бұған дейін қырғыз үкіметімен жасалған келісімге сәйкес, АҚШ тарапы 2014 жылдың 11 маусымына қарай орталықты толық жабуы тиіс. Орталықта қазір 400-ге тарта америкалық әскер бар. Олар бір ай ішінде елден шығып кетеді. Орталықтағы 30 миллион АҚШ долларына бағаланған әскери және басқа да техника Қырғызстан жағына беріледі. Орталықтың бір бөлігі Румыниядағы әскери базаға, қалғаны АҚШ-қа көшіріледі. АҚШ “Манас” транзиттік орталығын 2001 жылдан бері жалға алып келген еді. Әуелде АҚШ әскери-әуе базасы қызметін атқарған орталық НАТО-ның Ауғанстандағы антитеррорлық операцияларын жүргізуінде маңызды рөлге ие болды. 12 жыл ішінде орталық арқылы Ауғанстанға әскер жөнелтілген.