Әлеумет

Шу өңірі шырайланып келеді

Шу өңірі шырайланып келеді

Тәуелсіздігімізді алғалы бергі ширек ғасыр ішінде қол жеткен жетістігіміз көп-ақ. Еліміздің қай өңірін араласаң да жанданған ел тірлігін, жаңарып, көркейген елді мекендерді көресің. Елбасының бастауымен елімізде қанатын кеңге жайған өркенді істердің жемісі бұл. Әр жылдарда ауданымызды басқарған алдыңғы буын ағаларының ісін жалғастырған Қожахан Жабағиев, Ілияс Тортаев, Бақытжан Нүркенов секілді азаматтардың да Шу өңірін шырайландыра түскені елдің есінде. Оларға жұрттың алғыстан басқа айтары жоқ. Ауданның қазіргі әкімі Рүстем Дәулет те жас та болса өмір көргенін нақты іс жүзінде көрсетуде. Оның басшылығымен аудан халқы егемен ел атанғанымыздың 25 жылдық мерейтойын ерен еңбек жетістіктерімен қарсы алды. Ең бастысы, қай саланы алсаңыз да ауданның бұрынғы-соңғы басшыларының бастамалары мен өнегелі істері сәтімен жалғастырылуда. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, бұған мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Шу темір жол вокзалы – еліміздің беткеұстар айтулы нысандарының бірі екені белгілі. Жуырда менің мұндағы өзгерістерді көріп, өз көзіме өзім сенбей, таңғалған жайым бар. Вокзал маңындағы кіші нысан құрылысы не деген талғампаздықпен жасалынған десеңізші! Биік тұғырға, дәл орталық вокзал алаңына аудан әкімі бастап, елі-жұрты жұмылып, еліміздің болашағы жолында теңдессіз еңбек еткен, «Түрксіб» темір жолы салынғанда сол істің бірден-бір ұйытқысы, ұйымдастырушысы болған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішін орнатқаны шынында да мақтаныш етуге тұрарлық іс қой! Тоғыз жолдың түйіскен торабына осылай тау тұлғамыздың ескерткіші тұрғызылып, жас ұрпақ үшін тарихи-мәдени тағылымы зор істің жүзеге асырылғанына қалай риза болмайсың. Рүстем Рысбайұлы үлкенге құрметті, жастарға сыйлы басшы бүгінде. Өңірімізде Елбасы саясатын дәйектілікпен жүзеге асыруға жанашырлықпен атсалысуда. Егемен елімізді, міне, осындай жалындаған жас та білгір азаматтар басқарса, таяу жылдарда әлемдегі дамыған 30 елдің ортасынан ойып орын аларымыз анық. Көк байрағымызды биік ұстап, Елбасы саясатын қолдап, алға баса берейік. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттілігіміз мәңгілік болғай!

Қосшығұл МАШАХАЕВ, зейнеткер, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Балуан Шолақ ауылы, Шу ауданы.