Денсаулық

Бозкілемде белдесті баһадүрлер

Бозкілемде белдесті баһадүрлер

Бүгінде Қазақ күресінің қарыштап дамуына барлық жағдай жасалынып жатыр. Ұлттық спорттың беделін халықаралық аренада арттыру мақсатында «Еуразия барысы», «Әлем барысы» секілді мега-жобалар қолға алынғаны мәлім. Осындай ірі жобалармен қатар Қазақ күресі федерациясының кубогі де тұрақты өткізіліп келеді. Өткен жылы Тараз төрінде бастауын алған дуы басым дода күні кеше «Тараз-Арена» спорт кешенінде екінші жыл қатарынан өткізілді. Ұлт мақтанышы, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған айтулы аламанға еліміздің тоғыз облысынан кіл мықты командалар қатысып, өзара белдесті. Доданың ашылу салтанатында Қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Сәрсен Құранбек, федерацияның құрметті қайраткері Диханбай Биткөзов, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков сөз сөйлеп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Жүлде қоры 20 миллион теңгені құраған айтулы аламан тартысқа толы болды. Федерация кубогіне елімізге аты кеңінен танылған, «Қазақстан барысы» додасында әр жылдары жеңімпаз, жүлдегер атанған шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, қарағандылық Асыл Барменов, Ержан Шынкеев, тараздық Айбол Айтбек сынды мықты балуандардың қатысуы дода көркін қыздыра түсті. Тоғыз команданың балуандары сегіз салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Есеп 4:4 болған жағдайда жеңістердің сапасы ескерілетіні де баса айтылды. «Тараз-Арена» спорт кешенін думанға бөлеген бәсірелі додада жаңа есімдерді де естідік. Ел федерациясының кубогі бір сөзбен айтқанда тартысқа толы болды. (Кубоктік бәсеке туралы газетіміздің келесі санында егжей-тегжейлі баяндайтын боламыз).  

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.