Денсаулық

Головкин наурызда Джейкобспен жұдырықтасады

Головкин наурызда Джейкобспен жұдырықтасады

Кәсіпқой бокс әлемінде GGG лақап атымен танылған қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин мен WBA тұжырымы бойынша біздің чемпионның белбеуіне басты үміткер америкалық Дэниэл Джейкобс арасындағы келіссөзге нүкте қойылды. Орта салмақтың нөмірі бірінші және нөмірі екінші боксшыларының арасындағы мега шайқас алдағы жылдың он сегізінші наурызында өтетін болып белгіленді. Ұзаққа созылған келіссөздер шекті мерзімнің аяқталуына бір күн қалғанда аяқталып, Гена өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында ресми мәлімдеме жасады. Қазақстандық боксшы кәсіпқой рингте 36 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, оның 33-ін мерзімінен бұрын аяқтаған болатын. Мұхиттың арғы жағындағы бокс жанкүйерлері «нокауттар королі» атап кеткен Геннадий Головкин орта салмақта нокауттар бойынша рекорд иесі. Ол өзі өткізген барлық жекпе-жектердің 91, 67 пайызын нокаутпен тәмамдаған. Қазақстан боксшысының осы жетістігін ескерген Гиннестің рекордтар кітабының редакция алқасы жерлесімізге жақында тиісті сертификатты табыстап, Головкиннің аталмыш кітапқа енгенін ресми хабарлаған болатын. Бүкіләлемдік бокс кеңесінің Голливудта өтетін жыл сайынғы дәстүрлі басқосуына қатысып жатқан Геннадий Головкин Гиннестің рекордтар кітабына енумен шектеліп қалған жоқ. WBC Головкин мен ағылшындық Келл Брукк арасындағы жекпе-жекті «Жыл оқиғасы» деп таныса, одан бөлек Генаға өз салмағының шын мықты боксшысы атағы қосымша тапсырылды. Қазақстандық боксшы бүгінгі таңда кәсіпқой рингте жүрген оғландарымыздың ішінде ең көп чемпиондық белбеуге ие. Головкиннің әлемнің абсолютті чемпионы атағына қол жеткізуі үшін WBO белбеуі ғана жетіспей тұр. Енді міне, көпшілік күткен Головкин-Джейкобс жекпе-жегін тамашалайтын керемет мүмкіндікке ие болып отырмыз. Бастапқыда «бұл шайқас промоутерлік сатылымға шыға ма» деген де күдік болғаны жасырын емес. Головкин Джейкобсты жеңген жағдайда мексикалық Сауль Канело Альвареспен жұдырықтасуды көздейді. Ол кездесу ұйым­дастырылмаған жағдайда бокс ұйымдары Генаның белбеуіне үміткерді өздері анықтайтын болады. Кәсіпқой рингте тек ресейлік Дмитрий Пирогқа ғана жол берген Джейкобс одан кейін сегіз мәрте қарсыластарын нокаутпен ұтты. Тіпті әлем мықтыларының санатында болған америкалық Питер Куйллинді бірінші раундта сұлатып салғаны да бар. Демек, Гена үшін Дэниэль оңай шағылатын жаңғақ емес деген пікір бар.

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».