Қазақстан биыл 77 млн. тонна мұнай өндіреді
Қазақстан биыл 77 млн. тонна мұнай өндіреді
Қазақстан биыл 77 млн. тоннаға дейін мұнай өндіреді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
«Мұнай және газ конденсатын өндіру келемі 70,8 млн. тоннаны құрады. Бұл осы жылдың жоспарынан 102,3 пайыз немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,6 пайыз болып отыр. Ағымдағы жылы мұнай саласындағы кәсіпорындарды қолдау бойынша қабылданған шаралар, сонымен қатар Қашағанды іске қосу мұнай өндірудің жылдық жоспарын 74-тен 75,5 млн. тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Бірақ, осы жылдың болжамы 77 млн. тоннаға дейін өседі деп күтілуде»,- деді министр. Оның деректеріне сәйкес, 11 айда мұнай өңдеу көлемі 13,1 млн. тоннаны құрады. Ал жылдық жоспар 14-15 млн. тонна болып отыр. «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге міндетті жеңілдетілген бағамен жанармай жеткізу толықтай орындалды. Ағымдағы жылдың 13 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес, мұнай базаларындағы АИ-92 және 93 бензиндерінің қоры 103 мың тоннадан асады. Дизель отыны 155 мың тоннаны құрайды. Қалған жанармай қоры ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жеткілікті көлемде бар әрі жанармай құю стансаларында тапшылық байқалмайды», - деді Бозымбаев.
ақпарат көзі: kazinform.kz