Спорт және туризм

Мемлекет дамуына біз де мүдделіміз

Мемлекет дамуына біз де мүдделіміз

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы кезең мен Қазақстанның қазіргі жағдайы салыстыруға келмейді. Тарих толқынындағы өте қысқа мерзім ішінде еліміз толайым табыстарға қол жеткізді. Оның айқын дәлелін өзіміз өмір сүріп отырған Меркі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуынан да көруге болады. Халқымыз бірлігі мен татулығының арқасында бейбіт өмір сүруде. Берекеміздің кіріп отырғаны да содан. Бір мемлекетте қанша ұлт өкілдері тұрса да, олар бір үйдің баласындай. Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға ұлы мақсаттар қоя аламыз.

Он алты жылдан бері аудандағы қарашай-балқар этномәдени орталығының жетекшісі қызметін атқарып келемін. Орталық мүшелері аймақтағы татулықтың іргесін одан әрі қарай нығайту бағытында талмай еңбек етуде. Жыл сайын ұлттар достастығын күшейту мақсатында әртүрлі шаралар өткізіп тұрамыз. Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде де еліме берерім көп. Түрлі деңгейдегі спорт додаларында, әлемдік ареналарда көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып жүргенімді мақтан тұтамын. Спорттық карьерамда – самбо, дзюдо және қазақ күресінен 10 мәрте ел чемпионы, қазақ күресінен 7 мәрте түйе палуан атандым. Каратэ-додан халықаралық турнирлердің жеңімпаз-жүлдегері деген атақтарыма да осы елде жүріп қол жеткіздім. Үстіміздегі жылдың 18-21 қарашасы күндері АҚШ-та өткен дзюдодан ардагерлер арасындағы әлем чемпионатынан қола жүлдеге қол жеткіздім. 63 елден келген 999 балуан бақ сынаған жарыста 100 келі салмақ дәрежесінде сынға түстім. Бұл жетістігімді – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын. Ауданымызда отыздан астам ұлттың өкілі тұрады. Олар бір-біріне бауыр басқан. Тілеуі бір жұртшылықтың ауызбіршілігінің арқасында бүгінде Меркінің мерейі бұрынғыдан да арта түсті. Бұл – Тәуелсіздігіміздің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының жемісі.

Нұрлан Жарашуев,  аудандық қарашай-балқар

этномәдени орталығының жетекшісі.

Меркі ауданы.