ЕЛДІГІМІЗДІ ТАНЫТҚАН ЕГЕМЕНДІК
ЕЛДІГІМІЗДІ ТАНЫТҚАН ЕГЕМЕНДІК
Біз бүгінде өз бағыты, өзінің дара жолы бар Тәуелсіз ел екенімізді, сол Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңында талай-талай жетістіктерге, толайым табыстарға жеткенімізді айдай әлемге жар салып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп тұрып айта аламыз. Бірақ, сол тәуелсіздік жолында ата-бабамыз не қилы заманды бастан өткермеді десеңізші!? Мың өліп, мың тірілген елімнің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиді.
«Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналық сөз бар емес пе? Осы даналықтың әрдайым жадымызда сақталғанын қалаймын. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы жетті. Осыдан жиырма бес жыл бұрын еліміз тізгінді дербес қолға алып, Нұрсұлтандай текті ұлдың соңынан ере білсе, содан бері ширек ғасыр қас-қағымда өте шықты. Тарих үшін аз ғана уақыт болса да, біз бұл жиырма бес жылдың ішінде айбынымызды асырып, мерейімізді тасыттық. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында өзіндік орны бар, биік беделге ие десек артық айтпаймыз. Оған дана да дара Елбасымыздың сарабдал саясатымен, бір мақсат төңірегінде топтаса білген халқымыздың ынтымағымен жетіп отырмыз. Көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктер біздің бағындырған белестеріміз болып қалды. Әйтсе де, әлі де алдымызда асар асуымыз мол, шығар шыңымыз аз емес. Қараның да, ханның да рухани өзегі болған Тәуелсіздік ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас темірқазығы. Халқының тәуелсіздігі үшін Жәнібек пен Керейден бастап Кенесарыға дейінгі қазақ хандары қаншама жанкештілік танытып, жаугершілік заманды бастан өткізді. Барлығы да елінің тәуелсіздігі мен халқының тыныштығы үшін қажымай, талмай күресті. Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы шын мәнінде қазақ халқының тәуелсіздігі үшін ең соңғы күресі еді. Сондай алапат жолдармен жеткен Тәуелсіздіктің арқасында бұл күні елдігімізге құт қонып, ырыс үйірілді.
Нұрсифат Салықова, облыстық қазақ драма театрының әртісі,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.