Саясат

Астана - ардағым, арайлы жан-жағың

Астана - ардағым, арайлы жан-жағың

Астананың қазіргі көз тоймас көркіне, кімді болса да тәнті етер көк тіреген зәулім үйлерінің, ғажайып ғимараттарының келісті келбетіне, халқымыздың әрдайым өрелі істерді шешуге бейім жасампаздық қасиеттерінің іс жүзіндегі нәтижесіне мақтанышпен қарай отырып, бұдан 18 жыл бұрын, яғни, 1997 жылдың желтоқсанында Қазақстан Парламенті алдыңғылардың бірі болып Ақмолаға көшіп келгендегі көріністі еріксіз еске аламын. Пойыздан түсіп, автобуспен орталықтағы санаулы қонақ үйлердің біріне бет түзеп келеміз. Ақмола облысының орталығы болған 200 мыңға жуық халқы бар қаптаған «хрущевкалар», терезесіне дейін жерге кіріп кеткен қабырғалары сылана-сылана шорланып кеткен жер үйлердің күйкі күйі көз алдымда. Сиқы осындай қала депутаттарды бетті қарып түсер сарышұнақ аязымен, пәрмені өңменіңнен өтер өткір желімен қарсы алды. Салонда күбір-күбір әңгіме. Әлдебіреудің «Қайран, Алматы, саған жету қайда!?» деген даусы естілді. Қазақстан парламентаризмінің ақсақалы, Мәжілістің бюджет, қаржы жөніндегі Комитетінің төрағасы Қаратай Тұрысовтың даусы саңқ етті: «Әй жігіттер, сары уайымға салынбаңдар. Тәуелсіздікке қолымыздың жеткені, ең алдымен ұлтымыздың баға жетпес бақыты, ашылған бағы, арайлап атқан таңы. Бүгін көздеріңе оғаш көрінген бұл қала егемендігіміздің тұғыры. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіріп ерлікке пара-пар іс атқарды. Ертектегідей бірден тұра қалған сән-салтанаты келіскен қала болмайды. Уақыт керек, тер төгу керек. Он-он бес жылдан кейін қазақстандықтар ғана емес, әлем жұрты Сары арқаның төсіндегі алып қалаға таңдайын қағып таңғалатын болады әлі. Өнбес әңгімеге алаң болмай еліміздің өсіп-өркендеуіне заңдық негіз жасауға білек сыбана кірісіңдер. Тарих ырғалып-жырғалуды көтермейді». Әр жерден «дұрыс, дұрыс» деген дауыстар естіліп жатты. Қаратай ағамыз не деген көреген еді, шіркін-ай, десеңізші!

Қарекең айтқандай білек сыбана кірістік. Жарты жылға жуық жатақханада, қонақ үйде жалғызбасты тұрып, шағын кабинетте екеуден отырып-ақ депутаттар еліміздің тәуелсіздігін тұғырландыратын сан-салалы заңдарды қабылдап үлкен іс атқарып жатты. Ел ордасына қатысты Ұлт Көшбасшысының шешімдері қос палатадан бірауыздан қолдау тауып отырды. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсіміне, 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталуын қолдауға, оның Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда болып өткен салтанатына, 1999 жылы Конгресс-Холда өткен Президентті ұлықтау салтанатына қатысқанымызды, ұлы өзгерістерден тыс қалмай ортасында болғанымызды мақтан тұтамыз. Қазақ елінің жүрегі Астана – жаңа тарихымыздың бастауы, Елбасының аялаған ақ арманын, үкілі үмітін ақтаған төл перзенті. Ол Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығымен Астана қаласының бас жоспары бойынша дамып отыр. Астананың бас сәулетшісі Елбасының өзі. «Бәйтерек» монументі, «Пирамида», «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан шатыр», «Астана опера», «Мәңгілік Ел» кешендері және басқа да бірқатар ғимараттардың үлгісін сызып, кәсіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсынған Нұрсұлтан Әбішұлының өзі. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп табылса, ол бүкіл қазақстандықтардың ортақ қуанышы. Астанада өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алғашқы саммиті, «Азиада» спорт ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, басқа да көптеген халықаралық форумдар, алда «Болашақтың энергиясы» ұранымен өтетін халықаралық ЭКСПО – 2017 көрмесі тәуелсіз Қазақстанның мерейін асқақтатып, халықаралық дәрежеде абыройын асырып, беделін бекемдеген игі шаралар. Сондай-ақ, 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы құрметті миссиясын табысты орындап шыққанын айтпай кетуге болмайды. Астана өткен жылдар ішінде еліміздің ірі ғылыми-білім беру орталығы болып қалыптасты. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қазақ мемлекеттік медицина академиясы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандағы филиалы, инновациялы Қазақстан үшін халықаралық үлгі-стандарттарға сай мамандар даярлайтын Назарбаев университеті және басқа да орта, жоғары оқу орындары, талантты өрендерді «Болашақ» стипендиясымен аты әйгілі шет елдерде оқыту, мұның бәрі Елбасының көрегендігі, еліміздің ертеңі – жастарымыздың алда шығар биігін аласартпаудың қамын бүгін ойлап, қамқорлық жасаудың жарқын мысалы. Астана халық денсаулығын сақтаудың негізгі факторына айналып отыр. Мұнда нейрохирургия, балаларды оңалту, ана мен баланы қорғау, жедел медициналық көмек беру, ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтарын біріктірген жаңа медициналық кластер құрылды. Бұрын қол жетпей шет елге, қомақты қаржыға телмірумен күн өткізіп келген жүрек ауруларына ота жасау қазір Қазақстанның облыс орталықтарындағы кардиохирургиялық ауруханаларда сәтті жүргізіліп жатыр. Бұл тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, қадағалауымен жүзеге асып жатқан игі шаралар. Астана жаңарған Қазақстанның мәдени және рухани орталығына айналып отыр. Қоныс аударудың алғашқы жылдары аты өзгермей тұрған Ақмола кезінде адамдарға мәдени қызмет көрсететін мәдени ошақтар саусақпен санарлық еді. Бұрынғы қалалық партия комитетінің ғимаратында орналасқан Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, орыс драма театры, жастар сарайы, филармония, оқушылар сарайы, Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана, тың игерушілердің, теміржолшылардың мәдениет сарайлары, екі-үш кинотеатр, «Меруерт» мейрамханасы және басқа да шағын мәдениет мекемелері болатын. Бұлар келешекте халқы миллионға жуықтаған ел астанасы тұрғындарының мәдени-рухани сұранысын өтей алмас еді. Бұл мәселе Елбасы, Үкімет, Парламент назарынан тыс қалған жоқ. 1999 жылы дүниежүзіндегі алты «Әлем әртісінің» бірі, атақты скрипкашы, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсаходжаеваның ұлттық музыка академиясын құру жөніндегі бастамасы Елбасы, Үкімет, Парламент тарапынан қолдау тапты. Ол 2011 жылы Президент жарлығымен Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды. 2000 жылы Президент Астанада Күләш Байсейітова атындағы жаңа ұлттық опера және балет театрын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұлар алдағы кезеңде жүзеге асар тұлғасы биік мәдениет ғимараттарының бастамасы болатын. Жұрттың санасынан берік орын алған әлемдік діндер көшбасшыларының съездері, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары өтетін 1500 орындық концерт залы бар Бейбітшілік және келісім сарайы, өнер галереясы, Астана тарихының музейі, 4 кинотеатр, электронды кітапхана орналасқан Елорданың шын мәніндегі мақтанышы тәуелсіздік сарайы, үш мың адамдық Конгресс Холл, 3500 көрермен залы бар «Қазақстан» концерт залы, Астананың 15 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген Елбасы жарлығымен «Астана Опера» деп аталған орта Азияда теңдесі жоқ, Ұлттық мұражай, опера және балет театры Елорданың болмысын бекемдеп, келбетін абаттандыра түсті. Астана еліміздің дамуында басымдық берілген «Қазақстан – 2030» Стратегиясында қойылған әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына жету міндетін мерзімінен бұрын орындалуына өнеге болды және шешуші рөл атқарды. Ол дамудың үлгісін көрсетті. Қазақстанның барлық өңірлеріне қан жүгіртіп, үлгі болып, келелі істерге жетеледі. Көптеген индустриялық-инновациялық жобалар Астанадан қанат қағып, облыстарда қолдау тауып жатыр. Бүгінде Астана қалыптасқан Қазақстанның жаңа саяси бағытын анықтайтын «Қазақстан – 2050» Стратегиясының өмірге жолдама алған жері. Астана қазақ елі әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан ойып орын алатын, қуат беретін, құлшындыратын алып күш, бар жақсылық елордасынан тарайтын қазақстандықтардың құтты мекені, толайым тағдыры, Мәңгілік Елдің жүрегі, барша халқымыздың тілеуі, тәу етер Тәуелсіздігіміздің тірегі! Құрылғанына биыл 18 жыл толған Астана еліміздің мақтанышына айналуда. Ел астанасын Қазақстан мен Еуразияның қақ ортасы, Арқаның төсіне көшіру туралы шешім ел экономикасының ең қиын кезі, 1995 жылы қабылданды. Сондықтан да, Президенттің бұл шешімін ел ішінде және шет елдерде де көптеген адамдар кезінде толық түсіне алмай әртүрлі пікірде болды. Сол қиын кезде экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып саналған осындай шешімді жай адамның қабылдауы екіталай еді. Ондай шешімді триумфаторлар ғана қабылдайды. Қысқа уақытта әлемдегі әдемі қалалардың бірегейіне айналған Астана, халқымыздың «Нар жолында жүк қалмас» деген қағидасының растығын көрсетті. Бүгінгі Астананы және ол арқылы Қазақстанның даму жолының дұрыстығын әлем мойындады. Оның тағы бір куәсі жақында БҰҰ-дағы 193 елдің 138-і дауыс беріп Қазақ елін Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдарға мүше етіп сайлағаны. Америка аспанында Тәуелсіздігіміздің символы – көк Туымыздың желбірегені, ол жасампаз халқымыз бен Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың асқақ беделі.

Жандар Кәрібайұлы, саясаттанушы. Сенаттың алғашқы екі шақырылымының  экс-депутаты, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы.