Өнеркәсібі өркендеген өңірге бәрі қызығады
Өнеркәсібі өркендеген өңірге бәрі қызығады
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының арқасында облысымызда көптеген игі жобалар қолға алынуда 2010-2014 жылдарды қамтыған бағдарламаның бірінші бесжылдығында өңірімізде жалпы сомасы 123,3 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 4958 жаңа жұмыс орны ашылды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасының екінші бесжылдығында елімізді бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосу жолында қыруар жұмыс атқарылуда. Аймақта 2015-2019 жылдары 510,8 миллиард теңгені құрайтын 34 жоба іске аспақ. Құрылыс жұмыстары кезінде – 5830 және іске қосылу кезеңінде 5422 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Өткен екі жылда жалпы құны 35,1 миллиард теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылып, 660 жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың арасында ел игілігін еселеп жатқан ірі жобалар да аз емес. Соңғы кезде іске қосылған «Burnoye Solar-1» Орталық Азиядағы ең ірі күн стансасы. Оның қуаты 50 мегаватты құрайды. Сонымен қатар, «Оңтүстік халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинаты. Кәсіпорын жылына 1757 тонна ет әзірлеп, оның 80 пайызын Біріккен Араб Әмірліктеріне, Иран және жақын шетелдерге экспорттауды жоспарлап отыр. Шу ауданында «KazMiya» ЖШС-ның жапондық инвесторлармен бірлесіп, мия тамырын өңдейтін шағын зауыт құрылысын да атап өтуге болады. Биыл жыл соңына дейін құны 14,1 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылады және 211 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» ЖШС Тараз филиалының экстракциялық фосфор қышқылы өндірісін жуырда Елбасының қатысуымен өткен жалпыұттық телекөпір барысында іске қосылды. Облысымызда «ЕвроХим-Удобрение» ЖШС-ның қатысумен аса ірі, химиялық кластерді құрайтын, инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жобаға сәйкес, жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын, жылына 1,4 миллион тонна минералды тыңайтқыш шығаратын зауыт құрылысы жүргізілмек. 2000 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны 2018 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Шу ауданында «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймақтың құрылуы, республикада бұрын шығарылмаған немесе өндірілуі өте аз 16-ға жуық химиялық өнім өндірісін іске қосуға мүмкіндік бермек. Облыс экономикасындағы басым бағыттардың біріне шағын және орта бизнесті дамыту жатады. Бүгінгі таңда облыс аумағында 58146 орта және шағын кәсіпкерлік нысандарында 120,8 мың адам жұмыс істейді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 130,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты индекс көлемі 96,3 пайызды құрады. Шағын кәсіпкерлікті дамытудағы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектің бірі – несие беру. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Жамбыл филиалының деректеріне сүйенсек, екінші деңгейдегі банктері шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне биылғы жылдың 10 айында 15,0 миллиард теңгеден астам несие берген. Орта және шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың аса маңызды тетіктерінің бірі – «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы аясында облыс кәсіпкерлері барлық қаржы құралдары арқылы жалпы сомасы 76,2 миллиард теңгені құрайтын 725 жоба мемлекеттік қолдау алуда. Оның ішінде «Пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша жалпы сомасы 65,1 миллиард теңгені құрайтын 596 жоба, ал «Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту» құралы бойынша, жалпы құны 11,4 миллиард теңгені құрайтын 74 жоба мақұлданып, жүзеге асырылуда. Жалпы, бағдарламаның арқасында 11 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 3000-ға жуығы жаңадан құрылды. Бюджетке 10 миллиард теңгеден астам салық төленді. Осындай аса ауқымды жұмыс қай заманда болып еді?! Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі.
Болат ЕСІМБЕКОВ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және
индустриалды-инновациялық дамыту
басқармасының басшысы.