«КӨКСАЙ» каналы көзімізді ашты
«КӨКСАЙ» каналы көзімізді ашты
Тәуелсіз елдің тындырымды тіршілігінің бір дәлелі ретінде Елбасының араласуымен «Көксай» каналы ел аумағында салынып, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Соның арқасында егіншілікпен айналысуға бет бұрған азаматтар саны артуда. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласы да дамып келеді. «Көксай» каналы, әсіресе, жуалылық диқандар үшін тіршілік нәрі болып тұр. Канал суымен ауданымыздың Ақтөбе, Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтерінің диқандары егінжайларын суарады. Мұнда ауыл диқандарының суармалы 2 мың гектарға жуық алқабы бар. Бұрын су үшін көрші елге тәуелді болып, тұрғындар егін салу-салмауды көп ойланатын, еккен егіні сусыз күйіп кеткен жағдайлар жиі орын алатын. Бұрын «Көксай» каналының 12,5 шақырымы көрші Қырғыз Республикасының аумағымен өтетін еді. Сол кездерде жол-жөнекей қырғыз ағайындар жаз бойы канал суына ортақтасып, бұрын алып, төменде отырған бізге су жетпей қалатын. Бұл мәселе облыс әкімдігіне дейін көтеріліп, облыс басшылары тарапынан қолдау тауып, бұл мәселе Үкімет назарына да ұсынылған болатын. Ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына мың алғыс. Біздің Қырғыз еліне суға тәуелді болып отырғанымыздан хабардар екен. Ұсыныс-тілегімізді жерде қалдырмады. Жаңа канал салуды ұйғарып, Үкіметке тапсырма берді. Сөйтіп, ел қазынасынан 5,3 миллиард теңге қаржы қаралып, канал құрылысы жүргізілді. Оның құрылысын «Сұңқар-2002» және «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізді. Тау етегіне 18 шақырымға диаметрі 120 сантиметрлік темір құбыр тартылып, тау шатқалына кіреберістегі биік төбені жарып жол салып, құбыр тартылды. Сондай-ақ, тау суын ысырапсыз пайдалану мақсатында ені – 100, ұзындығы – 200 метр, тереңдігі 5 метрлік бассейн салынды. Сыйымдылығы 1000 текше метрден асатын су реттейтін бөгенге жиналған тіршілік нәрі аудан шаруаларының сұранысын толық қанағаттандырып тұр. Бұл құрылыс біз үшін Тәуелсіздігіміздің, сол егемен елді басқарып отырған көреген басшымыз бен бірлігі бекем жұртымыздың Мәңгілік Ел болу жолында жасап жатқан қыруар жұмыстарының бір парасы ғана. Тәуелсіз еліміздің тірлігі мен бірлігі түгесілмесін!
Керімқұл БЕГАЛИЕВ, «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы.
Жуалы ауданы.