«ЕВРОХИМ» келіп, еңсеміз көтерілді
«ЕВРОХИМ» келіп, еңсеміз көтерілді
Тәуелсіздігіміздің арқасында ауданда өнеркәсіп өндірісі саласын дамыту бойынша бірқатар кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс атқаруда. Оның ішіндегі ең үлкені – «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның құрғақ ұсақтау және бөлшектеу нысандары Өткен жылы 11 желтоқсанда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында ашылған еді. Бұл кәсіпорын 2013-2016 жылдары 766,0 мың тонна кен, 227,5 мың тонна фосфор ұнтағын өндірді. Өндірілген өнімдер Ресей, Бельгия, Белоруссия, Болгария, Литва мемлекеттеріне экспортқа шығарылды.
Жаңатас қаласындағы минералды тыңайтқыштар өндірісі бойынша химиялық кешеннің алғашқы кезеңі бойынша өндірістің инфрақұрылымдарын жасау ісі толығымен жүзеге асырылды. Ал екінші кезеңіндегі нысандардың құрылыс жұмыстарын 2018-2020 жылдар аралығында аяқтау жоспарланған. «ЕвроХим» кәсіпорны толық қуатында іске қосылған кезде 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде оның Сарысу мен Талас аудандарындағы еншілес кәсіпорындарында, сондай-ақ, мердігерлік компанияларда 700-ден астам адам еңбек етуде.
Ауданымыздағы алып өндіріс орнының, әсіресе, Жаңатас қаласының гүлденіп, көркеюіне қосып отырған үлесі қомақты-ақ. «ЕвроХим-Удобрение» ЖШС-ның әлеуметтік әріптестік бағдарламасы негізінде 2012-2015 жылдары 1 миллиард 549 миллион теңгеге 10 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Жаңатас Су-Жылу» КМК-на 9,7 миллион теңгеге электр генераторы сатып алынып, Жаңатас қаласындағы мал соятын алаңшаның құрылысын салудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 3,3 миллион теңге берілді. 2012 жылы қаладағы денсаулық сақтау саласына жедел жәрдем көрсету автокөлігін алып берді. 2017 жылы Жаңатас қаласында «Жастар сарайы» ғимаратының құрылысы жүргізілетін болады, жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Жалпы, осы 2012-2016 жылдары Жаңатас қаласын дамытуға барлығы – 10,2 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған. Және де айта кететін бір мәселе – «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайларын ескере келіп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында «ЕвроХим минералды химиялық компаниясы» АҚ тапсырысымен Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «КБ Высотных и Подземных Сооружений» акционерлік қоғамы Жаңатас қаласының даму тұжырымдамасы құжаттарын дайындауды қолға алды. Қазіргі таңда, қаланың сәулеттік келбетін жақсарту, қалада өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру, басқа да мәселелер арнайы мамандардың атсалысуымен зерделеніп, қаланы дамытудың стратегиялық жоспары дайындалып, аудандық және облыстық деңгейде таныстырылды. Жаңатас қаласын дамыту бағытындағы дайындалатын шеберлік-жобасы 2050 жылға дейінгі мерзімді қамтитын болады. «Еврохим» компаниясы Қазақстан үшін еңбек етуде, өйткені ондағы жұмысшылардың дені – жергілікті азаматтар. Кәсіпорынның салыққа төлемдері есебінен жергілікті бюджетке де қомақты қаржы түсуде. Өңір тұрғындары да тәуелсіздіктің арқасында аймақтың экономикасын көтеріп, әлеуметтік саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан «Еурохимнің» еншілес серіктестіктерін «өз өнеркәсібіміз» деп орынды мақтаныш та етеді.
Жұмат САҚЫПБЕКОВ, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.
Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.