Мемлекет мерейін асыратын мегажоба
Мемлекет мерейін асыратын мегажоба
Тәуелсіздік Қазақстанның жаңа тынысын ашты. Ең бастысы, бұл халықтың ертеңгі күнге деген сенімін үстеп, жаңа жетістіктерге жетуге жігерлендіре түсті. Елімізде қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық оң өзгерістер орын алды. Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқан күннен бері арада ширек ғасыр уақыт өтіпті. Тарих үшін 25 жыл қас-қағым сәт. Ал бұл жылдарда елімізде ғасыр аясына сыймастай ғаламат тірліктер жүзеге асты. Елбасының сындарлы саясаты мен елдегі ынтымақ-бірліктің арқасында тұғырымыз бекіп, әлемнің дамыған мемлекеттерімен терезе теңестіріп үлгергенімізге уақыт куә. Экономикамыз нарықтық қарым-қатынастар талаптарына сай қалыптасып, дамып келе жатқан өндірістер есебінен еңсесін тіктей түсті. Бұл істе облыстың үлестік салмағы мол. Таяу жылдарда өңіріміз зор табыстарға бастайтын химиялық өнеркәсіптің ошағына айналмақ. Химиялық шикізат қорымыз жеткілікті. Жерасты байлығын жаңа технологиялар көмегімен ұқсатып, өңдеп, игілігімізге жарататын кез келді. АЭА құрылысы бүгінде ел назарында. Президент Н.Назарбаев өзінің «Тараз химиялық паркі» АЭА құру туралы» Жарлығына 2012 жылдың 13 қарашасында қол қойған болатын. Осы орайда, аудан кіреберісінен 505 гектар жер бөлініп, 2013 жылы «Тараз химиялық паркі» АЭА БҚ» акционерлік қоғамы басқарушы компаниясы құрылды. Жаңа қатысушыларды тартып, оларға кеңес беріп, ақпараттық қолдау көрсету, инфрақұрылым жасау және АЭА мүшелеріне қызмет, жұмыс, шикізат қамтамасыз ету – бұл басқарушы компанияның басты міндеті. Ал, 2014 жылы желтоқсан айында Сингапур мемлекетінің «Jurong Town Consulting» компаниясы арнайы экономикалық аймақты дамыту бойынша шебер-жоспарын дайындап берген еді. Жоспар бойынша, бұл аймақта 16 зауыт соғу көзделген. Онда Қазақстанда аз өндірілетін немесе тіпті өндірілмейтін және тиімді экономикалық көрсеткіштерге ие химиялық өнімдерге басымдық беріледі. Басқарушы компания инвестиция тарту жұмыстарына барынша күш салуда. Қазіргі таңда «каустикалық сода мен хлор өндірісі», «глифосат-гербицид және үшхлорлы фосфор өндірісі», «пестицид өндірісі», «құрғақ бутилді ксантогенат натрий өндірісі», «табиғи газды тереңнен қайта өңдеу бойынша зауыт құрылысы», «сутегі тотығын өндіру зауытының құрылысы» сынды 6 жобаны іске қосуды жоспарлап отырған 5 қатысушы тіркелді. Жоба бойынша инвестицияның жалпы көлемі 276, 473 миллиард теңгені құрайды. «Хим-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл ретте 3 жобаны қолға алған. Компанияның арнайы бөлімінің қызметкерлері инвесторлар тарту мақсатында жол картасын әзірлеп, форумдар өткізіп, жарнама жұмыстарымен белсенді айналысуда.
Нұржан СҰЛТАНАЛИЕВ, «Тараз химиялық паркі» АЭА БҚ» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.