Ежелгі Ұлы Жібек жолының бүгінгі жарқын бейнесі
Ежелгі Ұлы Жібек жолының бүгінгі жарқын бейнесі
Ел егемендігін алған ширек ғасырдың мерейлі мерейтойы – өткенімізді саралап, келешекке кемел жоспар құратын есепті мерзім іспетті. Тарих үшін тым қысқа, алайда, халқымыз атқарған ауқымды істерге толы осынау жылдар аралығында талай тың жобалар қолға алынып, ірі істер атқарылды. Ауыз толтырып айтуға болатын ауқымды жобаның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Елбасы бастамасымен қолға алынған. Бұл жобаның толық аяқталып, оның игілігін ел көретініне сол кездерде күмән келтіргендер де болды. Тіпті, оған «орындалмайтын жоба» деп ат қойғандар да кездесті. Алайда, қандай да қолға алған ісін, бастаған жобасын аяғына дейін жеткізуге үйренген, көздеген мақсатына жетудің жолдарын таба білетін көреген Көшбасшымыздың арқасында бүгінде арманның ақиқатқа айналып отырғанына ел куә.
2010 жылы басталған облыс аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының 495 шақырымды құрайтын бөлігінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған.
Біздің облыс бойынша автомобиль жолы негізінен қолданыстағы «Алматы-Ташкент-Термез» автомобиль жолымен өтеді және Қырғыз Республикасы аумағын айналып өту қарастырылған. Сонымен қатар, автомобиль жолы Қордай, Күйік, Шақпақ асуларын және Тараз қаласы, Қордай, Құлан, Айша бибі, Бауыржан Момышұлы, Шақпақ ата елді мекендерін айналып өтеді. 495 шақырым жолдың 296 шақырымында төрт жолақты жол қозғалысы және көлік құралдарының бағытын бөлетін жолақ қарастырылған. Сонымен қатар, құрылыс кезінде 22 көпір, 15 жол өткелі, 643 су құбыры қайта салынып, 11 жол айрығы жасалды. Тараз қаласы, Отар, Қордай, Меркі, Ақыртөбе және Бауыржан Момышұлы ауылдарында 6 жол пайдалану бөлімшесі мен жол пайдалану пунктінің құрылысы жүргізілді. Айта кетейік, жалпы, облыс аумағындағы республикалық мәні бар автожолдардың ұзындығы 1237 шақырымды құрайды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен өзге де жол құрылысы жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мысалы, биыл «Қордай асуын айналу» автожолының сол жағындағы ұзындығы 40 шақырым жол төсемінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, осы жылы аталмыш халықаралық көлік дәлізі аясында ұзындығы 16 шақырым болатын Алматы облысының шекарасынан Отар бекеті тұсына дейін қолданыстағы автожолды төрт жолақты I-Б техникалық сыныпқа қайта құруға іздестіру-жобалау жұмыстары аяқталады деп күтілуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыста «Орталық-Оңтүстік» дәлізі бойынша ұзындығы 209 шақырым болатын «Екатеринбург-Алматы» автожолының 2005-2214 шақырым бөлігінде қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Ал өткен жылы ұзындығы 26 шақырым болатын «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының 97-106 шақырым, 196-202 шақырым аралықтары және «Тараз-Өтмек-ҚР шекарасы» автожолының 0-14 шақырым бөліктерінің жол төсеміне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қайрат Кәрібаев, «Қазавтожол» АҚ облыстық
филиалының директоры.
Тараз қаласы.