АҚБАҚАЙДЫҢ АЛТЫНЫ
АҚБАҚАЙДЫҢ АЛТЫНЫ
Жыл соңына дейін кеніште 1,5 тонна қымбат металл өндіріледі.
Тәуелсіздігіміздің мәртебесі қашанда асқақ. Егемендікке, еркіндікке қол жеткізгелі бері еліміз сан алуан жаңарулар мен жаңғыруларды бастан өткеріп, жылдан-жылға дамып, кемелдену үстінде. Жер-жерде өндіріс орындары да көптеп ашылып, индустрияландыру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Елбасы бастап, халық қоштап әлемдегі ең дамыған 30 елдің шоғырынан көрінуге айқын бағыт-бағдар ұстанып келеміз. Облыс жерінің 44 пайыздық аумағын алып жатқан Мойынқұм ауданында ашылған өндіріс ошақтары да осы сөзіміздің тұздығы бола алады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға көптеген инвесторлар ағылып келгені жалпыға аян. Сол инвесторлармен бірге жаңа технологиялар мен техника да тартылды. Міне, осы дүниелерді қазақтың қыз-жігіттері жетік меңгеріп, бүгінгі күні ұршықша иіріп, басқарып отыр. Соның арқасында бірнеше салада жұмыс алға жылжып, үлкен экономикалық даму байқалуда. Алдыңғы қатарлы шетелдік өндіруші компаниялармен арада өзара кіріктірілген жобалар іске асырылып, Қазақстанда көптеген өндіріс орындары ашылып, ғылыми бағыттар дамуда. Әрбір қазақ баласы тәуелсіздік алған уақыттан бері әлемдік нарыққа, ғылыми-өндірістік платформаларға шығып, өз мүмкіндіктері мен әлеуеттерін көрсетуде. Міне, тәуелсіздік жылдарында жеткен басты жетістіктердің бірі осы деп ойлаймын. Әрине, бұдан бөлек ұлттық мәдениетіміз, тіліміз, салт-дәстүріміз қайта жанданып дамып жатыр. Бүгінгі таңда бізде кен өндіру, алтын шығару жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде. Көрсеткіш көңіл көншітеді. Жұмысшыларымыз уақтылы жалақыларын алып отыр. Барлық жұмысшылар саны 1020 адам болса, соның ішінде 498-і – жергілікті тұрғындар. Жалпы, «Алтыналмас» АҚ-ның екі филиалы бар. Соның бірі – біз жұмыс жасап жатқан Ақбақай филиалы. Біздің жылдық кен өңдеу қуаттылығымыз – 850-900 мың тонна. Ал алтын шығару қуатына келер болсақ, ол кендегі алтын құрамына байланысты болады. Егер кен құрамында алтын неғұрлым жоғары болса, соғұрлым нәтиже де жақсармақ. Ағымдағы жылғы жоспар бойынша 1,5-1,6 тонна алтын өндіруіміз қажет. Үстіміздегі жылдың 8 айында өндірілген өнім көлемі 1,0 тоннадан асады. Алдағы 4 айда 500-600 килограмм алтын өндіреміз деген сенімдеміз. Мұның бәрі бірлесіп жұмыс жасап жатқан ұжымның жетістігі. Ұжымға айтар алғысым шексіз! Мен күн сайын жұмысшылардың амандығы мен өндірістің тұрақтылығын тілеп отырамын. Тұрақтылықты баса айтып отырған себебім, қазіргі таңда бүкіл әлемде саяси-экономикалық дағдарыс өршіп тұр. Соның салқыны ең әуелі экономикаға тиетіні түсінікті. Осындай өтпелі кезеңде жұмыстың тұрақтылығы мен жалақының уақтылы төленуін басты жетістікке жатқызуға әбден болады. Ал жаңалыққа келетін болсақ, біз биыл өндірістік базамыздың әлеуетін арттыру мақсатында 1,14 миллиард теңге қаржы бөліп, бірқатар техникамызды жаңартып алдық. Жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін келесі жылы жерасты және жер үстіндегі ғимараттарға жаңа үлгідегі желдету қондырғыларын орнатып, осы жүйені де жаңартуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жылдың соңы мен келер жылдың басында жерасты жұмыстарын, яғни, жүріп-тұру орнын анықтайтын GPS жүйесін орнатуды ойластырудамыз. Бұл жүйені енгізудегі басты мақсат – жұмысшылардың қауіпсіздігі болып отыр. Төтенше жағдай орын алып, жұмысшылармен байланыс үзілген жағдайда, біз жоғарыда отырып жоғалған адамдар мен техниканың қай жерде қалғанын анықтай аламыз. Бұл – кен өндіру жұмыстарын жүргізу барысындағы басты талап. Жобаның жалпы құны – 700 мың доллардан астам қаржыны құрайды. Елімізде бірлік пен татулық арта берсін! Ел мерейін тасытар мереке ойдағыдай өтіп, қазақ жерінде тек игі істер мен берекелі кәсіптер көбейе берсін. Елбасымыздың тапсырмалары бойынша елімізде алдағы 2017-2018 жылдары алтын өндіру көлемі 60-70 тоннаға дейін өсуі қажет. Қазіргі таңда 30-40 тоннаны құрап отыр. Сол межеге қол жеткізіп, ел Тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесімізді қоса беретінімізге сенімдіміз. Алтын қоры мол мемлекет әлемдік қауымдастық алдында үлкен күшке де, абыройға да ие. Біздің еліміз, міне, сондай ел.
Бағдат Бахрамов, «Алтын алмас» акционерлік қоғамы
Ақбақай филиалының басшысы.
Мойынқұм ауданы.