Көшбасшы партияның көшелі ісі көп
Көшбасшы партияның көшелі ісі көп
Бүгінгі бейбіт те берекелі өмірімізге халқымыздың ауызбіршілікті сақтауының арқасында қол жеткіздік. Ал ширек ғасырдағы ел жетістіктері – Тұңғыш Президентіміз, партия Лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Елбасы саясатын халыққа жеткізуші, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылап, бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға қазақстандықтарды жұмылдыру – жетекші саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясына жүктелген. Сондықтан да, біз партияның облыстық филиалында кадрлық іріктеулерді дұрыс жолға қойып, жұмысты идеологиялық тұрғыдан күшейту және аумақтық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысына саяси менеджменттің жаңа үлгілерін енгізуге тиістіміз. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында партия ірі бастамаларды жүзеге асыруға атсалысты. Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауларында «Нұр Отан» партиясына басымдық беріп, түйткілді мәселелерге партияның араласуына жол ашып келді. Қоғамдағы көптеген проблемалардың шешімін табуға партия өкілдері тікелей араласып, қарапайым тұрғындарға жақындай түсті. Соның нәтижесінде, «Нұр Отан» халықтың сеніміне ие болды. Елбасы төрағалық ететін партияның көшбасшылығы айқын сезіле бастады. Бүгінде бір ғана Жамбыл өңіріндегі бастауыш партия ұйымдарының саны 401-ге жетуі – осы сөзіміздің дәлелі. Бұдан облыс тұрғындарының «Нұр Отан» партиясына деген сенімінің жоғары екенін байқайсыз. 2014 жылы облыстық партия филиалында 399 бастауыш партия ұйымы мен 63525 партия мүшесі болса, қазір 401 ұйымда 69788 партия мүшесі есепте тұрады. Екі жылдың ішінде партия мүшелерінің саны 9,1 пайызға өскен. Сарысу, Шу аудандарындағы ірі өндіріс орындарынан жаңадан 2 бастауыш партия ұйымы құрылды. Түрлі әлеуметтік топтар арасындағы партия мүшелерінің үлес салмағы артты. Тіпті, қызмет көрсету, шағын және орта бизнес, фермерлік шаруа қожалықтары өкілдері де «Нұр Отанға» мүше болуда. Негізі, партия қатарында түрлі сала өкілдерінің болғаны жақсы. Себебі, «Нұр Отан» – жалпыхалықтық партия. Сондықтан, біз барлық әлеуметтік топтарды біріктіруіміз қажет. Қазір «Нұр Отан» Еуропа мен Азиядағы жетекші елдердің ірі партияларының жолымен дамып келеді. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Нұр Отан» партиясы – бұл шешімдерді іске асыруға қабілетті, күшті саяси ерік-жігердің қуатты көзі, елді дамытудың ірілендіруші секторы», – деген сөзі мемлекетімізді дамытуға біркісідей атсалысқан «нұротандықтардың» еңбегіне берілген шынайы баға. «Нұр Отан» – қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған ұйым. Біз, «нұротандықтар», Елбасының стратегиялық жоспарын іске асыруда оның сенімді серігі екенімізді мақтан тұтамыз. Қазақстанның экономикалық дамуына, азаматтардың әл-ауқатының бұдан әрі өсуіне өз үлесімізді қосамыз. Біздің елді одан әрі демократияландыру үшін құқықтық негізді қалыптастыру бағытында үлкен жұмыс күтіп тұр.
Масат Берік, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.