Президенттің батыл бастамаларына арналған кітап
Президенттің батыл бастамаларына арналған кітап
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Нартұлға» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Кітапқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тәуелсіздігін тұғырлы ету, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, Қазақстандағы және әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысындағы батыл бастамалары мен бірегей идеялары арқау болған
Туынды авторы Қайрат Бисембаев Ұлт лидерінің атом қаруынан бас тарту, әлемдік дінбасылардың басын қосу, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру және Астананы Арқаға көшіру секілді тағдырлы шешімдеріне терең үңіле отырып, оның қайраткерлік, көшбасшылық қасиеттерін түрлі қырынан аша түседі.
Бұл ретте автор Қазақстан Президенті жайындағы өз ойын әлемнің аса көрнекті саяси көшбасшыларының пікірлерімен көмкеріп, қызықты етіп жеткізеді.
Сондай-ақ төрт тараудан тұратын кітаптің тілі қарапайым, мазмұны тарихи деректер мен естеліктерге бай.
Шара барысында кітаптың мазмұны кеңінен ашылып, шығарма туралы мемлекет және қоғам қайраткерлері пікір білдірді.
ақпарат көзі: Baq.kz