Мәдениет

Көк тудың желбiрегенi

Көк тудың желбiрегенi

«Көк тудың желбірегені» әні – жанды тебірентіп, рухты оятатын нағыз патриоттық ән. Бірақ арнайы тапсырыспен жазылған жаттанды дүние емес. Ол – атамекенге деген ыстық сағыныш пен бойдағы елжандылықтан туған жүрекжарды сөз. Тарихи отанына жете алмай жүрген өзге елдердегі қазақ бауырлардың жүрегінің лүпіліндей естілетін ән авторы – Ермұрат Зейіпхан. Ал сөзін ақын Алмас Ахметбекұлы жазған. Екеуі де Қытайдан елге оралған қандастар. Әуелі «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзі дүниеге келген. 1992 жылдың 22 мамырында Алматыда тәуелсіз елдің көк туы қабылданады. Бұл шара барлық арналардан тікелей эфирде көрсетіледі. Қытайдың Шәуешек деген мекенінде тұратын ақын Алмас Ахметбекұлы бір топ қазақ бауырлармен жиналып, теледидардан тамашалайды. Елбасы байрақты тізерлеп тұрып сүйгенде экран алдында отырған қандастар көз жастарына ерік береді.  Ақын өзі көк туды Қорғас шекарасынан елге өтіп келе жатқанда көреді. Самал жел соғып тұрғанда көк ту әуелеп, желбіреп тұрды. Сол кезде ақын жүрегі елжіреп, бойын ерекше бір сезім билеп, «Көк тудың желбірегені» деген өлең жолдары ойына келеді. Алматыға келген кезде өлеңнің қалған жолдары жазылады.

 

Көк тудың желбірегені – Қазақтың асқақ беделі. Махаббат, қайрат екеулеп, Шымырлатқаны денені.

Көк тудың желбірегені – Жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен ту Жан емес, Маған керегі – Көк тудың желбірегені. Көк тудың желбірегені – Елдіктің асқақ өлеңі, Әр жаққа тартпай, қазағым, Бір сөзге жинал дегені.

Көк тудың желбірегені - Бақыттың елжірегені, Қиырда қалған қазақтың Азат отанға жете алмай Көзінің мөлдірегені.

30Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, Ермұрат ЗЕЙІПХАН.

31Ермұрат Зейіпхан.