Саясат

Жуалыда «Құрметті азаматтар» аллеясы ашылды

Жуалыда «Құрметті азаматтар» аллеясы ашылды

Бұл игі іс аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың бастамасымен қолға алынды. Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына кіреберіс беткейдегі кең аумақта екі-үш айдың көлемінде демеушілердің көмегімен үлкен кешен пайда болды. Ол жер қазір «Жуалы ауданының Құрметті азаматтары» аллеясы деп аталады. Батырбек датқа ескерткішінің төменгі жағында, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің оң қапталында орналасқан. Мереке қарсаңында ашылған аллея – аудан жұртшылығы үшін тәуелсіздік тартуындай болды. Расында солай. Себебі, бұл тәуелсіздік жылдарының жылнамасында жазылар тарих. 25 жылдық мерейтойға орай бой көтерген мәдени-демалыс орны. Ауа райының қолайсыз-дығына қарамастан аллеяның ашылу салтанатына тұрғындар көп жиналды. Шарада облыстың Құрметті азаматы, облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен облыстың Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай сөз сөйлеп, кешеннің лентасын қиды. Бұл нысан сәулеттік құрылымы тұрғысынан басқа мәдени-демалыс орындарына ұқсамайды. Аллеяға бастар баспалдақтың қақ ортасына алып кітап бейнесі орнатылған. Оның оң жақ бетіне Тәуелсіздіктің 25 жылдығының кескіндемесі, сол жақ бетінде «Жуалы ауданының Құрметті азаматтары» деген жазу бар. Одан жоғарыда төрт тақта орналасқан. Онда өскелең ұрпақ өнеге тұтар нақыл сөздер, ал мәрмәр тақтаға 1992 жылдан бастап «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын алған азаматтардың есімдері қашап жазылған. Ондағы 143 азаматтың әрқайсысы еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуымен ерекшеленеді.

Марат Құлибаев, журналист.

Жуалы ауданы.